RU
Толық нұсқаға өту

Бельгиялықтар королінің Қазақстанға ресми сапары басталды

12.10.2026, 07:00 48

Бельгиялықтардың Патшасы Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды.

Еуропа монархтарының біздің елге алғаш келуі емес, бірақ Орталық Азияға ресми түрде тұңғыш ат басын бұрды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

- Филипп патша үшін Қазақстан бұрыннан таныс ел. Ол таққа отырмай тұрып, елімізге үш рет сапарлады. 2002 және 2009 жылдары бельгиялық ғарышкер Франк Де Винне мінген ғарыш кемелерінің ұшырылу сәтін көру үшін Байқоңырға арнайы келсе, 2010 жылы Бельгияның сауда-экономикалық делегациясына жетекшілік етіп, Қазақстанға ат басын бұрды. 

Бельгия Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылы мойындады. Бір жылдан кейін екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. 1993 жылы Брюссельде Қазақстан елшілігі, ал 2006 жылы Астанада Бельгияның дипломатиялық өкілдігі ашылды. Содан бері саяси және іскерлік байланыстар нығая түсті. 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға сапары барысында патша Филипппен кездесті. Ал бүгінгі мәртебелі меймандардың сапары экономика, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастыққа тың серпін бермек.

Роман Василенко, Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Экономикалық тұрғыда Қазақстан Бельгия үшін Орталық Азияға жол ашатын маңызды мемлекет. Біз қазірдің өзінде ірі сауда-экономикалық серіктеспіз. Сондай-ақ Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліздің негізгі буындарының бірі.

Кейінгі 20 жылда Бельгияның елімізге салған инвестициясы 14 миллиард доллардан асты. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 28 пайызға артып, 582 миллион долларға жетті. Бельгиялық компаниялар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларға белсенді қатысып келеді. Алдағы уақытта аса маңызды шикізат, энергетика және экологиялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту көзделіп отыр.

Жан-Люк Крюйке, Бельгияның федералды мобильділік министрі:

- Қазақстанның энергетика және аса маңызды шикізат салаларындағы әлеуеті зор. Ал Бельгияда қажетті технологиялар бар. Екі жақты әріптестіктің тағы бір басым бағыты көлік дәлізін дамыту. Қазіргі жағдайда жаңа жолдардың өзектілігі артып келеді. Ал Бельгияның жүк тасымалы саласында тәжірибесі мол. Сондықтан бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз деп үміттенеміз.

Бельгия делегациясының құрамында 110-ға жуық адам бар. Олардың арасында федералды және аймақтық министрлер, 25-тен астам компания өкілдері және ғылыми қауымдастық мүшелері, соның ішінде 7 университет ректоры бар. Астанадағы басты саяси оқиға – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Филипп патша және Матильда патшайыммен өткізетін келіссөзі, сондай-ақ Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы болмақ. Ал Алматыда монарх бизнес және ғылым саласының өкілдерімен кездеседі. 

Авторы Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz