Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты.
Тараптар жиында 17 құжатқа қол қойды. Бельгия бизнесмендері Қазақстанда өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Ал еліміз Бельгияға экспорттайтын өнім көлемін арттыруды көздейді. Екі ел басшылары тағы қандай келісімге келді?
Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысы. Басқосу екі елдің байланысын бекемдеп, алыс-беріс, барыс-келісін арттыруға бағытталған.
Бельгия Қазақстандағы 10 ірі инвестордың бірі. Соңғы жиырма жылда бұл елдің компаниялары елімізге 15 млрд доллардан астам қаржы құйған. Қазақстан болса Бельгияның Орталық Азия аймағындағы ірі сауда серіктесі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткіш көлемін одан әрі көбейту үшін әлі де ауқымды жұмыс атқарылуы керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елімізде агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, фармацевтика, озық технологиялар мен энергетика салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Екі жақты сауда көлемінің өсіп келе жатқаны қуантады. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қатар сауда үдерістерін жеңілдету және тауар айналымы өсімін арттыру үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз қажет. Сонда ғана халықтарымыздың қалауына қол жеткізетінімізге сенімдімін.
Қазақ даласы - қойнауы қазынаға толы құт мекен. Еліміз Еуропа өнеркәсібі үшін ауадай қажет 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Президент біздің мүмкіндігіміз бен Бельгияның инвестициясын, технологиясы мен білім-білігін ұштастыра отырып, осы өте маңызды салада стратегиялық серіктестік құра алатынымыз туралы айтты. Мақсат – отандық өңдеу өнеркәсібін өркендету. Қосылған құны жоғары тауар шығару.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз IBA компаниясымен ынтымақтастықты құптаймыз. Бұл Қазақстандағы протонды терапияға қолжетімділікті арттырады. Сала мамандарын даярлауға және клиникалық зерттеулер жүргізуге қатысты бірлескен бағдарлама онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдері бойынша құзыретімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Бельгияның фармацевтикалық компанияларын елімізде өндіріс орындарын ашуға шақырамыз.
Ал Король Филипп қос елдің бас қаласында Еуропа мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды нығайтуға қажетті алғышарттардың барлығы бар екенін атап өтті. Мәселен, Бельгия Еуропалық одақтың дәл ортасында орналасқан. Еуропа нарығына шығатын қақпа ретінде елеулі роль атқарады. Сан салада тәжірибесі толысқан. Қазақстан болса еуразиялық кеңістіктің маңызды аумағы саналады. Мұның бәрі ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге шынайы негіз болады деді Бельгиялықтар королі.
Филипп, Бельгиялықтар королі:
- Қазақстан географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасуының және мол табиғи ресурстарының арқасында әлем экономикасында ерекше орыны бар аймақтық сауда, инвестиция және жасыл экономиканы дамыту орталығына айналды. Бельгия мен Қазақстанның арасы алшақ болғанымен, мақсат-мұраттарымыз, амал-әрекеттеріміз және табандылығымыз тұрғысынан өте жақын елдерміз.
Осылайша жиында бас-аяғы 17 құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, медицина мен цифрландыру салалары.
Анн-Катрин Далк, Валлония үкіметінің ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтар министрі:
- Қазақстанда Бельгияның 100-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Біз екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бұл серіктестікті дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Мұрат Кәрімсақов, “Атамекен” ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:
- Бүгін қол қойылған құжаттардың тоғызы агроөнеркәсіп кешеніндегі ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, Бельгияға 40 миллион еуродан астам сомаға ауыл шаруашылығы шикізатын жеткізу жөнінде келісімдер жасалды. Біз үшін шикізатты жай ғана экспорттамай, оны Қазақстанда терең өңдеуді дамыту маңызды. Бельгиялық ірі компаниялар да елімізде өндіріс орындарын ашуға қызығушылық танытып отыр.
Алқалы жиыннан соң мәртебелі меймандар мемлекет басшысымен бірге Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралады. Қонақтарға музей экспозициясы, роботты техника аймағы және ЖИ-кинотеатр таныстырылды.
Қос ел басшылары ЖИ орталғында Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындары басшылары бас қосқан ректорлар форумына қатысты. Жиында жасанды интеллектінің білім мен ғылымға әсері және екі ел университеттерінің ынтымақтастығы талқыланды.
Лоран Лефевр, Монс Университетінің ректоры:
- Бельгия мен Қазақстан университеттері арасында ғылыми зерттеулер мен білім беру саласында ынтымақтастық бар. Әсіресе жаңа материалдарды әзірлеу, студент алмасу және тіл үйрету бағыттарына басымдық береміз. Қазақстанның жоғары оқу орындарымен байланысты нығайтып, бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға мүдделіміз.
Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:
- Тұңғыш рет бельгиялық университетпен докторантура бойынша қос дипломды бағдарламаға қол қойдық. Бұл ЖОО арасындағы тұңғыш келісім қол қойылған. Бұл біздің ғылыми білім дәрежеміздің тағы бір жоғары сатыға көшкенін білдіреді.
Жиын соңында тараптар университеттер арасында бірқатар меморандумға да қол қойды.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Бельгия кәрі құрлықтағы тарихы терең, монархиялық мемлекет. Бар болғаны 12 млн халқы бар бұл ел өндірісі өркендеген, технологиясы дамыған, фармацевтика мен химия салалары бойынша аты алысқа шыққан. Сондықтан Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, өзара тиімді әріптестікті дамытуға мүмкіндік мол. Ал бүгінгі келелі келіссөздер қос тарап қарым-қатынасының қарыстап емес, қарыштап дамуына тың серпін берері сөзсіз.
Тегтер #Қазақстан #Бельгиялықтар королі Филипп #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz