Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысу үшін Баку қаласына жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Баку әуежайынан Әзербайжан Премьер-министрінің орынбасары Самир Шарифов күтіп алды. Ертең Азиядағы айтулы жиын жетінші мәрте шымылдығын түреді. Келелі жиын сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды 24KZ.
Әлішер Әли, тілші:
– Арғы жағы Каспийдің, бергі жағы. Бірер күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алып айдынның батысындағы Авазада жұмыс сапарымен болды. Ал бүгін Мемлекет басшысы мінген борт Баку әуежайына келіп қонды. Мұнда Президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысады. Төрткүл дүние көз тіккен төрт жылда бір өтетін саммитке бұған дейін Түркия, Қытай, Тәжікстан және еліміз төрағалық етсе, биылғы тізгін Әзербайжанда. Келелі жиын сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Кейінгі кездері Азия жалпы ішкі өнім мен сауда мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқаны – бұған дәлел. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары аясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен де кездеседі. Мемлекеттер басшылары қос ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайын қаузайды. Бүгінде қос ел көлік-логистика, энергетика және цифрландыру сынды сан салада бірлесе жұмыс атқарып келеді. Биылғы жылдың алты айында тауар айналымы 250 млн АҚШ долларынан асты. Қазақстан астық, алюминий, металл, химикаттар мен мұнай жеткізеді. Ал Әзербайжаннан көлік құрастыруға арналған жабдықтар, полиэтилен және азық-түлік өнімдерін сатып аламыз.
Кездесуде Президенттер серіктестікке тың серпін береді деген сенім мол.
Авторы: Әлішер Әли
Тегтер #24KZ #Қасым–Жомарт Тоқаев #Әзербайжан #жұмыс сапары #Баку #саммитPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz