Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды «24KZ».
«Бұл – мыңжылдықтардан тамыр тартатын қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын айшықтайтын қастерлі мереке. Біз егемендік жылдарында талай сын-қатерді еңсеріп, ибиік белестерді бағындырдық. Осылайша, еліміздің іргесін бекемдеп, елдігіміздің тұғырын нығайта түстік. Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдық межесіне экономикасы қуатты, қоғамы жасампаз, күллі әлем қауымдастығы құрметпен қарайтын, беделі зор әрі ықпалды орта держава, өркениетті мемлекет ретінде жетіп отыр. Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бет-бұрыс жасадық. Алдымызда тұрған мақсат – баршаға айқын. Біз мықты мемлекеттік институттары мен сапалы адам капиталы бар, жаһандық бәсекеге қабілетті, озық, дамыған, жасампаз, зайырлы ел болуымыз керек», - деді Президент.
«Конституциямыздың заңды күшіне енуі, халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған, тарихи мән-мағынасы аса ерекше оқиға болды. Біз Конституцияда айқындалған құндылықтарға сүйене отырып, стратегиялық бағдарымыздан айнымай, міндетті түрде алға қадам басамыз, алдымызға қойған барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Қоршаған ортаға қамқорлық, Бірлік пен Келісім құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамда жаңа этика қалыптастыру ісін қолға алдық. Еліміздің шаңырағы биік, ұлтымыздың рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін!», - делінген Президент құттықтауында.
Тегтер #24KZ #Қасым–Жомарт Тоқаев #республика күні #құттықтау #Мемлекет басшысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz