Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға ресми сапармен келді. Мемлекет басшысын бауырлас елдің бас қаласындағы әуежайда Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған өзі күтіп алды. Трап алдында құрмет қарауылы сап түзеп, әскери оркестр әуежайды әуенге бөледі. Ал шаһар көшелері «Жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырза, Түркияға қош келдіңіз!» деген жазумен безендірілген. Мемлекеттер басшылары әуежайда аз-кем әңгімелесіп, Куллие сарайына беттеді.
Куллие. Аумағы АҚШ-тағы Ақ үйден 30 есе үлкен Анкарадағы Президент резиденциясы. Түркия басшысы Анадолыға ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты сән-салтанатымен осында қарсы алды. Әскери оркестр, құрмет қарауылы, одан қалса, қылыш асынған түрік сарбаздары сап түзеп құрмет көрсетті. Ал Мемлекет басшысының кортежін атты әскер бастап келді.
Көп ұзамай келіссөз де басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған әуелі жеке кездесіп, серіктестік жайын қозғады. Мемлекет басшысы екі жақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, түрік халқын Ұлттық мереке Республика күнімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің парасатты басшылығыңыздың әрі көреген саясатыңыздың арқасында Түркия ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Еліңіз саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Түркияның абырой-беделі жылдан жылға арта түсуде. Біз өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз. Сіздің ашық әрі батыл ұстанымыңыз, бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігеріңіз жаһандық деңгейде мойындалып отыр. Түрік халқының мәртебесі алдағы уақытта да асқақтай береді деп сенемін. Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады.
Ал Режеп Тайып Ердоған сөз басында ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады. Кездесуде негізгі назар сауда-экономика мен инвестицияға ауды. Одан бөлек, гуманитарлық ықпалдастықты нығайту жайы да қаузалды. Түркия басшысы Анкарада қазақ тарихына арналған «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өткенін айтты. Сондай-ақ Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:
- Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз.
Иә, Түркия сонау 1991 жылы аңсап жеткен азаттығымызға алғаш болып құтты болсын айтқан еді. Содан бері арадағы достық пен бауырластық қарым-қатынасқа сызат түскен емес. Қайта жыл санап жандана түскені әлемге аян. Әсіресе тараптар арасында экономикалық ынтымақтастық қарқын алған. Бүгінде Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Былтыр тараптар арасындағы тауар айналымы 5,4 млрд долларға жетті. Экспорт 4 млрд-қа жуықтаса, импорт 2 млрд-тан асып жығылды. Ал биыл бұл көрсеткішті не бары 8 айдың өзінде еңсердік. Яғни, қаңтар-тамыз айларында тауар айналымы 5,6 млрд АҚШ долларынан асты. Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған 10 инвестордың қатарына да кіреді. 2005 жылдан Түркия ел экономикасына 6 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салған. Мемлекет басшысының бұл сапардағы мақсаты – саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту. Бұдан бөлек, келіссөзде қос ел басшылары көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.
Мехмет Сейфеттин Эрол, халықаралық сарапшы:
- Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас күн өткен сайын нығайып келеді. Бүгінде серіктестік екі мемлекет үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі мен Түркі әлемінің тұрақтылығы және болашағы үшін аса маңызды. Біздің ынтымақтастығымыз айқын көрініс тапқан негізгі бағыттардың бірі - халықаралық сауда және логистика. Түркия мен Қазақстан Орта дәлізді дамытудың басты қозғаушы күштері болып отыр. Бұл көлік бағыты Азия мен Еуропаны қауіпсіз әрі жылдам байланыстырады. Әсіресе қазіргі әлемдегі тұрақсыздық пен болжап білу қиын жағдайларды ескерсек, осындай қауіпсіз әрі сенімді сауда жолының болуы тараптар үшін үлкен артықшылық береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев алда Түркі мемлекеттері ұйымының 13 саммитіне қатысады. Анадолыдағы ағайын үшін бұл жиынның тарихи һәм символдық мәні зор. Өйткені келелі кездесу елдің Республика күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Оның үстіне осыдан 34 жыл бұрын дәл осы шаһарда түркі мемлекеттері басшыларының алғашқы кездесуі өткен еді. Жылдар өте ынтымақтастықтың мазмұны да өзгерді. Бастапқыда бауырлас елдердің бір-бірін тануына басымдық берілсе, бүгінде ортақ мұра мен мүддені нақты жобалар арқылы ұштастыруға назар аударылып отыр.
Тегтер #Мемлекет басшысы #Түркия #ресми іссапар #әуежай #Түркия президенті
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz