Жыл соңына дейін елдегі жалпы ішкі өнімнің көлемі 398 миллиард долларға жетеді.
Ал өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14 пайыздан асты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына сапары барысында айтылды. Президент Qarmet металлургиялық комбинатына барып, конвертер цехының жұмысымен танысты. Артынша жаңа кокс батареяларының құрылысын қадағалап, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Мемлекет басшысы жүзеге асқан реформалар жайын қаузап, сан салаға енгізілген жасанды желінің жемісіне тоқталды. Ал жиын соңында Қарметтің бір топ қызметкерін жоғары мемлекеттік наградамен марапаттады.
Әлішер Әли, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына сапары аясында әуелі Qarmet конвертер цехының жұмысымен танысты. Президентке домна пешінде балқытылған шойынды құрышқа айналдыру, оны үздіксіз құю қондырғысына және одан әрі илемдеуге қалай жіберілетіні көрсетілді. Мұндағы конвертерлерге күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылы жүргізілген. Нәтижесінде шығарылатын өнім түрлері көбейіп, қорытылған болат көлемі ұлғайтылды. Ал қазір цехтағы технологиялық үдерістерді табиғи газға көшіру ісі жалғасып жатыр.
Артынша Президент жаңа кокс батареяларының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл Qarmetтің ірі инвестициялық жобаларының бірі. Себебі мұндай ауқымдағы құрылыс комбинатта соңғы бірнеше он жылдықта болмаған. Екі батареяның жалпы жобалық қуаты жылына 1,5 млн тонна құрғақ кокс өндіруге жетеді.
Алексей Сидоренко, Qarmet компаниясының күрделі құрылыс жөніндегі директоры:
- Кокс – Қарағанды шахталарында өндірілетін көмірден алынатын өнім. Біз көмірді осында жеткізіп, кокс батареяларында 1500 градустан жоғары температурада өңдейміз. Қарапайым тілмен айтқанда, көмір жоғары температурада қыздырылып, нәтижесінде газ бөлінеді. Бұл газ өндірістік процестерде пайдаланылады. Ал құрғақ күйдегі кокс тікелей өндірісте қолданылады. Жалпы жобаның нәтижесінде 1970 жылдары салынған және қазіргі заманғы талаптарға сай келмейтін қолданыстағы төрт агрегатты пайдаланудан шығарамыз.
Әлішер Әли, тілші:
- Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан заманауи сортты прокат кешеніне келді. Мұнда құрылыс тілімен айтқанда арматура және швеллер өндіру жоспарланған. Кешен құрамында сағатына 100 тоннаға дейін металл қыздыра алатын жоғары өнімді пеш болады. Бұл жылына 540 мың тоннадан аса дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Алғашқы өнім алу желтоқсан айына жоспарланған.
Қарметтің инвестициялық бағдарламасы 3,5 млрд долларды құрайды. Металлургия комбинатында 4 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Осылайша компания 2028 жылға қарай жылына 5 млн тонна болат, 9 млн тонна көмір өндіруді көздеп отыр. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев компания қызметкерлерімен кездесіп, елдегі оң өзгерістерді жіпке тізді. Президент жүзеге асқан реформалар жайын қаузап, сан салаға енгізілген жасанды желінің жемісіне тоқталды. Сондай-ақ халықтық құрылыс бағдарламасына да назар аударды.
Елдің жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жетіп қалды. Бұл Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14 пайыздан асты. Алайда тоқмейілсуге болмайды. Президент озық технологияларды кәсіпорын игілігіне пайдалануды тапсырды
Мәселе де, мәртебе де түгенделіп біткен соң кезек марапатқа көшті. Президент сала мамандарына Құрмет, Еңбек Даңқы, Ерен еңбегі үшін медальдарын табыстады.
Әлішер Әли, тілші:
- Теміртау көшелерінде трамваймен келеміз. Осыдан біраз жыл бұрын шаһарда дәл осы көлік түрінің жүрісі тоқтаған болатын. Алайда 2024 жылы «Қармет» қатынасты қайта жаңғыртты. Дәл осындай 8 су жаңа вагон сатып алып берді. Олардың ішіне «Онай» жүйесі енгізілген, ал кәсіпорын тұрғындары үшін жол жүрісі тегін.
Иә, Президент аймаққа сапары аясында Теміртаудағы трамвай қозғалысының жүйесімен де танысты. Екі жыл бұрын шаһар тұрғындарының игілігіне берілген қоғамдық көлік қатынасы бүгінге дейін 1 миллионнан аса жолаушыны тасымалдаға .
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Теміртау үшін трамвай заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен, бастамасы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіруде. Еңбек ұжымының да көңіл-күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз.
Мұнда қазір 35 мыңнан астам адам еңбек етеді. Qarmet білікті кадр даярлауда да белсенді. Кәсіпорын жақында жас мамандарды оқытуға және жұмысқа орналастыруға бағытталған «Болашаққа жол» әлеуметтік бағдарламасын қолға алды. Жоба алғашқы кезеңде 500 адамды қамтиды.
Тегтер #президент #озық технология #24KZ #QARMETPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz