RU
Толық нұсқаға өту

В. Путин Ресейге сапармен келгені үшін Қ. Тоқаевқа алғыс айтты

26.11.2026, 06:59 27

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапары аясында Владимир Путинмен кездесті.

Екі мемлекеттің басшылары экономикадан бастап мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелеріне дейін баса назар аударды. Сондай-ақ Президенттер цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін  AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысады.

Әлішер Әли, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен келді. Бүгін Кремльде мемлекеттер басшылары кездесіп, қос елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту жайын талқылайды.

Екі мемлекеттің басшылары Астана уақытымен түнгі сағат 12:00-де кездесті. Кремль Сарайында Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты құшақ жая қарсы алды. Саясаткерлер экономикадан бастап мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады. Артынша әңгіменің ауаны жасанды интеллекттіні дамытуға ауды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференциясының маңызына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алғашқы форумды 2020 жылы COVID пандемиясы тұсында онлайн режимде өткізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру тақырыбы алдыңғы орынға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір бәрі жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект келешектің келбетін қалай өзгертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жолғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзекті. Өйткені шын мәнінде цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отырмыз. 

Иә, салада еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға көтерілгеніміз бұған дәлел. Биылғы жылы Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланғаны тағы бар. Алайда тоқмейілсуге болмайды. Салаға тың серпін беру үшін еліміз Ресейдің киберқауіпсіздікті дамыту барысын зерделеп отыр. Оны бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз. 

Өз кезегінде Владимир Путин сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі жақты қарым-қатынастың қарқын алғанына  тоқталды.

Владимир Путин, Ресей Президенті:

- Біз Қазақстанда және Ресейде, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүрміз. Бұл жолы Сіз жасанды интеллектіні дамыту саласында «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға баса мән беретініңізді білемін. Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушыларымен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін.

Екі ел арасындағы алыс-беріс те артып келеді. Сөзіміз сөлді болуы үшін айталық, биылғы жылдың алты айында тауар айналымы 16 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға көп. Ендігі меже бұл көрсеткішті 30 млрд долларға жеткізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Аталған сапар аясында көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қарқыны өте жоғары екенін айғақтайды. 

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысынын Қытайға жасаған сапарына тоқталып, үштік отырысының табысты болуымен құттықтады. 

Қабылданған декларацияны "бұл ресейлік дипломатияның зор жетістігі" деп бағалады. Мемлекет басшысының Ресейге сапары мұнымен біткен жоқ. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды инттелект тақырыбына арналған конференцияға қатысады.

Авторы Әлішер Әли

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz