АҚШ-тың Калифорния штатында балалар қазақша үйреніп жүр, деп хабарлайды 24KZ. Осындағы қазақ қауымдастығы орталығында төл мәдениетіміз бен тарихымыз бойынша дәрістер оқылады.
Лос-Анжелес Америка құрама штаттарындағы қазақтар ең көп шоғырланған қалалардың бірі және осы қазақтардың балаларына қазақ тілін және төл мәдениетімізді үйрететін орталық қажет-ақ.
Мұхиттың ар жағында туып-өссе де, Қазақстанның әнұранын балақайлар жатқа айтып тұр. Мұндай орталықтардың ағылшын тілді ортада өсіп жатқан кішкентайларға да олардың ата-анасына да көмегі орасан. АҚШ-та диаспорасы бар көп ұлттың барлығында төл мәдениеті мен ана тілін үйрететін осыған ұқсас мектептері де бар. Ал Лос-Анджелестегі бұл шағын білім орны – жергілікті қазақтардың мұрындық болуымен қаракөздеріміз үшін ашылған жалғыз орталық.
Раушан Мұхтар, Калифорния қазақ қауымдастығы орталығының жетекшісі:
- Аптасына бір рет сенбі күні сағат 11-ден 2-3-ке дейін болады. Сабақта бірінші қазақ тілін өтеді. Сосын қазақ ән сабағы болады. Қазақ биі сабағы болады. Домбыра сабағы болады. Тіркелген 40-тан аса бала бар. Әр сенбі күні жоқ дегенде 20-25 бала сабаққа келеді.
Мынау қазақ тілі сабағы. Қазір балалар жыл мезгілдері мен ай атауларын үйреніп жатыр. Дәріс барысында келе жатқан көктем мен ондағы мерекелерді, салт-дәстүрлерді меңгереді. Мақал-мәтел, жаңылтпаш жаттайды. Мұғалім түрлі ойындар ойнатып, сабақты барынша жеңіл өткізуге тырысады.
Қарлығаш Шыныбаева, Калифорния қазақ қауымдастығы орталығының қазақ тілі мұғалімі:
- Бұрын балалар «dad», «mom» деп айтып жатса, қазір «әкешім», «анашым» деген сөздерді айтып, қазақ тілінде амандасып, оны өзі – үлкен нәтиже. Себебі басында «hello» деп келсе, қазір «сәлеметсіз бе, апай, қалыңыз қалай?» дегеннің өзі мен үшін үлкен нәтиже деп есептеймін.
Бұдан бөлек, балалар домбыра сабағына қатысады. Қазіргі репертуарларында «Жастар би күйі», «Тепеңкөк» секілді жеңіл шығармалармен қатар Құрманғазының «Балбырауыны» бар. Балаларының қазақы ортадан ажырамай өсуі – ата-аналардың да көңіліне медеу.
Меруерт Жашенова, Лос-Анджелес тұрғыны:
- Үлкен балам Амир үш жылдан бері домбыра үйренді. Мұғалімі Айгерім апай өте жақсы үйретеді. Бір ұнайтыны, сол осы жерде өссе де, кішкене сол жүрегінде сол үннің бар екенін сезінеді балам деп ойлаймын.
Ақылзат Адырбаева, Лос-Анджелес тұрғыны:
- Қазақша үйренсін, салт-дәстүріміз бар өзіміздің. Енді басқа елде жүргеннен кейін сол нәрсенің бәрін үйде сіңіреді, сосын осындай қазақ орталығында сіңірсін деп, қазақ тәрбиесі бойларында болсын деп алып келемін.
Айжан Аяпова, Лос-Анджелес тұрғыны:
- Америкаға келгенімізге бізге бес жыл болды. Бес жылдың ішінде балалар қазақ тілін ұмыта бастады. Сондықтан біз осы қазақ орталығына келеміз және арасында Қазақстаннан онлайн сабақ аламыз. Жиындар болып жатса, келуге тырысамыз. Уақытылы қолымыздан қандай көмек келеді, беруге дайынбыз.
Жырақта жүргенде де бірліктің аса қажет екенін осындай жағдайға қарап ұғынасыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, орталықта ерікті түрде қызмет етіп жатқан отандастырымызға көргенде көңіліңді қуаныш кернейді. Әзірге орталық тек осы бір ғимараттың бір бөлмесінде ғана. Жерлестеріміз: «Қолдау болса, балабақшаға ұқсас осындай орталықтарды АҚШ-тың өзге де қалаларында ашуға болады», – дейді.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Бақдәулет Әлментай
ТегтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz