Балалар әдебиетінде ілгерілеу бар.
Жиі сынға ұшырайтын бағыт соңғы 10 жылда біраз оңалып қалды. Сала сарапшылары осылай дейді. Қазақ авторларының шоғыры да қалыптасып келеді. Тек маркетингі баяу. Алайда жеткіншектердің сұранысын қанағаттандырып, талғамға қарай таңдау жасауға мүмкіндік бар.
Қаршадай қазақ қызы қаймықпай ағылшынша кітап жазып шықты. Айғанымның тырнақалды туындысының тілі шет болғанымен, кейіпкерлері кіл қазақ. Жанры ғылыми-фантастика. Кітап «Динозаврмен келісім» деп аталады. 5-сыныбында басталған жинағы араға 5 жыл салып жарық көрді.
Айғаным Салкен, жас жазушы:
- Оны басында кітап емес әңгіме ретінде жаздым. 4 бөлім, Спектрум мектеп газетінде шыққан. Сосын 11 сыныпта өзімді қолымды алып, 1 жылда жазып шықтым. Сюжет дайын болған соң толықтыру оңай болды.
Балалар әдебиетіне қалам тербеу – батылдылардың ісі. Себебі өрендердің өресін түсіне отырып, өрге сүйрей білу – үлкен өнер. Сондай ертегіден бастап, елдің ертеңіне дейін жетелейтін кітаптар сөреде самсап тұр.
Айзере Әділетқызы, 5-сынып оқушысы:
- Менде Мэдди Хичинис кітабы бар. Ол жақта осындай кішкентай қыздың детектив болуы. Ол өз арманына жеткісі келеді. Ол бірнеше адамдарға көмектесіп, заттарын тауып береді. Кейде ол бір саяхаттарға барады.
Айым Айдар, 1-сынып оқушысы:
- Күлбиек, Ақшақар, дисней, бауырсақ, қасқыр мен тырна. Мектептен келгенде жалпы күнде кітап оқимын. Кішкентай кітаптарды бітіріп тастаймын. Үлкен кітаптарды бөліп оқимын.
Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал жеті жасар Әлиханды ғарышқа жетелеп жүрген сол ой мен қиял. Ғарышкер болуды армандаған бала ғаламшар жайында мүдірмей баяндап берді.
Әлихан Жұмағали, 1-сынып оқушысы:
- Уран ең суық ғаламшар, ал Нептун ең алыс. Сондықтан ол ең ұзақ айналады. Және нептунда шторм, найзағай көп болады. Ал Юпитер үлкен, оның гравитациясы қатты. Сатурнда, юпитерде спутниктер өте көп.
Аспан әлемін білгіш Әлиханнан Марс туралы сұрадық. Себебі соңғы жылдары сонда кеме ұшырып, адам баласын қоныстандыру жайлы көп айтылып жүр.
Әлихан Жұмағали, 1-сынып оқушысы:
- Қарапайым киіммен жоқ, ал егер арнайы скафандрмен онда болады. Скафандрда баллондарды аустырып отыру керек.
Айдана Серік, 2-сынып оқушысы:
- Кітап маған білім береді, тез оқуыма көмектеседі, жаңа сөздерді үйренемін. Кішкентай кезімде бір кітапты оқығанмын, қызық боп кетті. Кітап менің ең сүйікті жақын досым.
Балалар әдебиетіне жарнама жетіспейді
Жалпы елде 250-ге жуық балалар кітапханасы бар. Президенттің жарлығымен 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» және 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланғаны мәлім. Бұл сеңнің қозғалуына септігін тигізді.
Клара Көпжасарқызы, ҚР Ұлттық кітапханасы балалар әдебиеті бөлімінің кітапханашысы:
- Қуанатын жағдайымыз мынау соңғы уақытта қазіргі енді танымал боп жатқан, сүйіспеншлікке бөленіп жатқан жас жазушылар да осында қосылған. Елдос Тоқтарбай, Олжас Қасым, Серікбол Хасанның шығармалары балалардың сүйіп оқитын кітаптарына айналды.
Соңғы 10 жылда балалар әдебиеті бағытында оң өзгеріс бар. Қазақ баспалары бәсекеге түсті. Ал, бәсеке бәсі биіктерді бөліп шығарады. Әдебиет сыншысы Ұлан Еркінбай қазіргі ахуалды осылай бағамдады. Сондай-ақ ол дүниежүзілік үздік шығармалар аудармасына да қолдау үзілмеу керек деп есептейді. Әлбетте, ескеретін дүниелер де жоқ емес.
Ұлан Еркінбай, әдебиет сыншысы:
- Осы уақытқа дейін балалар әдебиетіне шығарылған мысалы 60-70 және 2000 жылдарды қарап отсақ көпшілігі балалар әдебиеті деуге келмейді. Ол баланың жан дүниесі, тілдік қолданысы, жалпы балаға арналған көркем шығармалардың динамикасы сезілмейді. Бір жақтылық көп. Жалпы тілдік қолданыстағы шынайылық жетіспей жатады. Қазір де байқалады.
Яғни бала көңілі пәк. Демек әдебиет те кіршіксіз таза әрі шынайы жазылуы тиіс, дейді сыншы.
Нысаналы Ығыл, Мерей Талап, Диас Қобыланбаев
Тегтер #жеткіншектер #кітап #24KZ #балаларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz