Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал ауылының мектебін 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылға жабық футзал салып береді.
Жалпы ауылдан шыққан азаматтардың күшімен соңғы 10 жылда 206 миллион теңгенің 33 жобасы жүзеге асқан. Сквер салынып, фонтан, ойын алаңдары орнатылып, көшелер жарықтанған.
Жалпақтал - «түлектер тартуымен» танылған ауыл. Мұнда әр жыл сайын мектеп бітіргендеріне 20, 30, 40 жыл толған түлектер өз жобасын жүзеге асырады. Мәселен орталық алаңды күйге толтырып, күмбірлеп тұрған мына домбыра былтыр орнатылыпты. Ал биыл түлектер жабық қысқы футбол залын салып бермек. Қазір спорттық нысанның іргетасы құйылып, қаңқасы тұрғызылыпты. Құрылыс құны 30 млн теңге. Қажетті соманы 2005-тің түлектері өздері жинапты.
Асхат Жұбанов, ауыл тұрғыны:
- Дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сыймаймыз. Ауылда футбол ойнайтын адам көп, бала көп барады. Бірін бірі күтумен екі-үш сағат уақыт өтіп кетеді. Сосын құрдастар жиналып, ақылдаса отырып, 2005-тің түлектері осылай шешім шығардық. 20 жылдыққа ауылға сыйлық етіп, жабық қысқы футбол ангарын салып берейік, ауыл үшін бәрі жақсы болсын деген ниетпен.
Соңғы 10 жылда жалпақталдық түлектер туған жеріне махаббатын іспен дәлелдеп, жалпы сомасы 206 млн теңге болатын 33 жобаны іске асырыпты. Ауылға кіре берістегі Жалпақтал деген үлкен қақпадан бастап, балалардың ойын алаңы, шағын Арбат, батырлар аллеясы, шағын футбол алаңы, "Мұнаралы сағат" сәулет кешені, "Атамекен" тынымбағы әр жылғы түлектердің ауылға сыйлығы.
Ғаділбек Әлібеков, ауыл әкімі:
- Биылға дейін осы нысандарды салды да, тек тапсырып жүрді ғой. Биылғы жылы иесіз мүлік ретінде танып, сот арқылы шешім қабылдап, қазіргі таңда заңдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2025 жылдан бастап салынатын нысандардың бәрін жерін алып беріп, заңды түрде салғызып, бірден балансқа алып жатырмыз. Себебі уақыт өткесін, көзіміз жетті, қай нәрсе де ескіре бастайды. Бюджет есебінен қаражат бөлу жұмыстарын қолға алуға.
Бірнеше жыл бұрын Жалпақтал еліміздегі «Ең мейірімді ауыл» аталымын жеңіп алған болатын. 5 мыңдай тұрғыны бар алақандай ауылдағы тындырымды тірлік өзгеге өнеге боларлықтай.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #мектеп #футзал #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz