Бүгін Ғылым қызметкерлерінің күні. Елімізде ғылыми қауымдастықтың кәсіби мерекесі ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күніне орай бекітілген. Атаулы күн Алматыда зерттеудегі жаңашылдықтарымен отандық ғылымың дамуына, экономиканың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның ескерткішіне гүл қоюмен басталды.
Еліміздің жерасты байлығын барлап, оны ел игілігіне айналдырған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ғылымды өндіріспен ұштастыруды өсиет еткен еді. Қазір ғылым өндіріске бет бұрды. Нақтырақ айтқанда, ғылым саласы қолданбалы форматқа көшіп жатыр. Қаржыландыру артып, заманауи зертханалар іске қосылып жатыр. Енді ғылыми ізденістер экономиканы күшейтіп, өнеркәсіпті жаңа технологиялық деңгейге көтереді деген үміт бар. Бұл бағытта Сәтбаев университеті зерттеушілерінің ғылыми жаңалықтары қазірдің өзінде өндіріске қыруар пайда әкеліп отыр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- 450 млрд теңгедей үлес қоса алатын жобалар айқындалды. Яғни 1 млрд долларға жақындап қалдық. Бір мысал, Қазақмыс корпорациясымен біздің Сәтбаев университетінің кен байыту және металлургия институты селен деген сирек металды тазарту жаңа әдестемесін шығарды. Соның арқасында селеннің тазартылған құны 15 есе өсті. Тұңғыш партия осы жылдың басында экспортқа кетті. 2 млрд жуық таза кіріс Қазақмыс компаниясы тауып отыр қазір.
Ғылым күні аясында Сәтбаев университетінде бірнеше жаңа зертханалар ашылып, олардың алғашқы зерттеу нәтижелері таныстырылды. «Нанотехнологиялар және наноматериалдар» зертханасында ғалымдар ауыл шаруышылығы қалдықтары – күнбағыс қауызы, күріш қауызы, соя қалдығы, мақта қалдығынан химия өндірісіне, медицина саласына, ауыл шаруашылығына және экология саласына қажетті функционалды материалдар дайындайды.
Сана Қабдырахманова, Satbayev University жетекші ғылыми қызметкері, профессор:
- Мысалы, қуаңшылық кезеңінде жаңбырдың суын өзінің бойына жинап алады да, қажет кезінде береді. Сондай материал бар. Екіншісі, жаңа өздеріңіз көрдіңіздер, жеміс-жидиектің сыртын қаптайды. Жеуге жарамды пленкалар алып жатырмыз. Сонымен қатар Қазақстан бокситтерінің ылғалдылығын бойына сіңіріп алатын сіңіргіш сорбенттер алып жатырмыз. Бұның барлығының ең ерекшелігі ол табиғи материал, отандық өнім, импортқа тәуелсіз өнім шығару болып табылады.
Қолданбалы зерттеулердің нәтижесін көрген өндіріс, ірі корпорациялар ғылымға сенім арта бастады. Жаңа Салық кодексіне маңызды ынталандырушы тетік енгізілді. «Егер қабылданса, жекеменшік компаниялар инновацияларға инвестиция салып, жоғары оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарымен бірлескен ғылыми өндірістерді құруға, зертханалар ашуға қаржы құятын болса, олар 200%-ке дейін салықтық шегерімдер ала алады», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Бұл да ғылымның дамуына жол ашпақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов
Тегтер #ғалымдар #ғылым қызметкерлерінің күні #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz