RU
Толық нұсқаға өту

Дубайда Қазақстан капиталымен жұмыс істейтін мектеп ашылуы мүмкін

15.04.2025, 17:50 581

Қазақстандық кәсіпкерлер Әмірлікпен түрлі салада ынтымақтастық орнатуға ниетті, деп хабарлайды 24KZ. Соның бірі – білім беру бағыты. Көп ұзамай Дубайда біздің ел капиталымен жұмыс істейтін ақылы мектеп ашылуы мүмкін. Бастама отандық «Парасат» бизнес клубы өкілдерінің араб мемлекетіне сапары аясында қолға алынды. Тараптар үкіметтік қана емес, жеке сектор арқылы да іскерлік байланыстарды тереңдетуге кіріскен.

Бұл Араб Әмірліктерінің ең ірі кәсіпкерлер палатасы. Құрамына жергілікті және шетелдік бизнес иелері енген. Бірлестік Дубайдың мемлекеттік мекемелерімен қоян-қолтық жұмыс істейді. Қазақстаннан келген делегация өкілдерін осы жайт қызықтырды. Сондықтан іргелі бизнес қауымдастықпен арнайы кездесу ұйымдастырылып, жаңа жобалар талқыланды. Арада сенімді диалогтың орнауына Дубайдағы қазақ дипломаттары ұйытқы болды.

Абдулла Бакер, «Dubai International Chamber» кәсіпкерлер палатасының аймақтық директоры:

- Біздің қауымдастық Дубайдың инвестициялық ахуалынан жан-жақты хабардар. Инвесторлар жобасын ынтымақтаса отырып, сәтті жүзеге асыруға көмектесміз. Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Біздің елдің бизнес саласындағы экожүйесі көпшілік үшін қолайлы.

Дубайда ақылы негіздегі оқу орындарына сұраныс қашан да жоғары. Нарық мүмкіндігін кеңінен зерделеп жүрген отандасымыз жаңа мектеп құрылысына көп ұзамай кіріспек ниетте. Мамандардың айтуынша, Дубай – Таяу Шығыстағы ірі тұтынушы нарық. 7-8 млн шамасында халық тұрады. Қазақстандық «Parasat» клубы мұнда капиталды еселеудің қолайлы мүмкіндігін көріп отыр.

Айта кетейік, қос мемлекет үкіметтік қана емес, кәсіпкерлік сала өкілдерінің тығыз жұмыс істеп, тың идеяларды іске асыруына мүдделі.

Екі елдің инвестиция алмасу үдерісінің берері мол. Әмірліктегі қалталы азаматтардың жаңа легі таяуда Қазақстанға арнайы бизнес мақсатта баруды жоспарлап отыр. Сәуір айының соңына қарай Астана және Алматыда араб инвесторларымен кең ауқымды кездесу өтеді.

Еске салайық, Қазақстан мен Араб Әмірліктерінің өзара сауда айналымы былтыр 4 миллиард долларға жуықтады. Оның 260 млн-ы қазақстандық экспорт еншісінде.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz