RU
Толық нұсқаға өту

«Қос диплом»: қызылордалық студенттер Оңтүстік Кореяда білім алуда

18.04.2025, 22:15 645

Қызылордалық студенттері енді Оңтүстік Кореяның беделді жоғары оқу орындарының бірі – SeoulTech университетінде білім ала алады, деп хабарлайды 24kz.

Олар жасанды интеллект бағыты бойынша «Қос диплом» бағдарламасы аясында оқиды. Осы серіктестікті одан әрі дамыту мақсатында SeoulTech университетінің президенті арнайы іссапармен Сыр өңіріне келді. Бұл кездесу қос тарап арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, халықаралық білім беру жобаларын кеңейтуді көздейді.

2023 жылы Қызылорда қаласында Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп Жасанды интеллект институты ашылды. Бұл оқу орны жасанды интеллект саласында мамандар даярлауға бағытталған және бүгінде 100 студент мемлекеттік грант негізінде білім алып жатыр. Корея Республикасымен ынтымақтастық тек білім беру аясында ғана емес, технологиялық бағытта да тереңдей түсуде. Сол серіктестік аясында Қызылорда университеті «Қос диплом» бағдарламасын іске қосты. Енді қазақстандық студенттер «AI архитектор» және «Деректерді басқару» сияқты болашағы зор мамандықтар бойынша білім алып, екі елдің дипломын қатар иеленуге мүмкіндік алады.

Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры:

- Білім алып жатқан бірінші курс студенттері қыркүйек айынан бастап ағылшын тілін, корей тілін, терең оқуды бастады. Және олар IT бағытындағы мамандар болғандықтан IT саласының мамандары, оның ішінде нанотехнологиямен, робототехникамен айналысатын ғалымдар келіп, дәріс оқуы, олардың болашағына үлкен стимул болады және жол ашады.

Қызылордаға жұмыс сапарымен келген SeoulTech университетінің президенті, профессор Дон Хван Ким Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институты студенттеріне «Кореядағы IT-трендер» тақырыбында ашық дәріс оқыды. Ол заманауи технологиялар, цифрлық трансформация туралы ақпараттармен бөлісті.

Әділет Ерланұлы, студент:

- Бұл ең бірінші өзінің жеке дамуына әсерін тигізеді. Жасанды интеллект саласына әртүрлі стартап жобаларды ашып, цифрландырудың дамуына көмектесетіндей.

Дон Хван Ким, SeoulTech университетінің президенті

- Қос дипломды бағдарлама білім алушылар үшін сапалы білім алумен қатар халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін жоба. Бұл бастама болашақта қазақстандық және корейлік жоғары білім жүйесі арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, жас мамандардың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашады.

Кореялық ғалымдар «Аймақтық білім беруді дамыту және маңызды реформаларды енгізу» тақырыбындағы республикалық семинарға да қатысты. Басқосуда білім беру барысында жасанды интеллекті қолдану әдістері талқыланды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz