RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанға шетелден білім іздеп келетіндер көбейді

20.04.2025, 09:20 666

Шымкентке шетелден білім іздеп келетін жастардың қатары көбейді, деп хабарлайды 24KZ. Соңғы екі жылда екі есе артқан. Олардың көбі этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып отыр. Біразының ата-бабасы бұрын қазақ жерінде тұрған екен. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға жер аударылғандардың бүгінгі ұрпағы біздің елде білім алып жатыр.

Ұлты шешен Ибрахим Висханов жоғары білім алу үшін Шымкентті таңдапты. «Халықаралық қатынастар» мамандығын оқып жатыр. Айтуынша, Қазақстанның этносаралық татулығы мен бай мәдениеті қызықтырған.

Ибрахим Висханов, студент:

- Біз әр халықтың мәдениеті мен салт-түріне құрметпен қарауымыз керек. Қазақстан этносаралық қарым-қатынасы мығым, меймандос, ізгі ниетімен маған ұнайды. Қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірлік нығайған. Жалпы өзімді Қазақстанға қарыздар санаймын. Өйткені осында депортацияланған арғы аталарымды аман алып қалуға көмектескен.

Ізденімпаз жас «Достық» Студенттік ассамблеясының белсенді мүшесі. Татулық пен бірлікті нығайтуға үлес қосып, әрбір этномәдени іс-шаралардың жақсы  өтуіне атсалысып келеді.

Мұратжан Ирисметов, «Достық» Студенттік ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Әртүрлі этностарды жинағанбыз біздің клубымызға. Қалалық деңгейде болсын, басқа да іс-шараларды өткіземіз. Қазір Ибрахимнің орны бөлек Студенттік ассамблеямызда. Әрбір бастамаларды қолдайды, өз ұсыныстарын білдіріп отырады. Жақсы ұжымдасып, жұмыс істеп жатырмыз.

Өңірдегі жоғары оқу орындарында шетелдік студент көбейіп келеді. Соңғы жылдары олардың қатары бірнеше есе артты. Көбі медицина, мәдениет, инженерлік салаға қажетті мамандықты таңдаған. Оқытушылардың айтуынша, оларды білім беру жүйесі мен қолайлы орта қызықтырады.

Сәкен Қосанбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Шетелдік студенттер көбейіп келеді. Олар біздің таңғажайып өлкеміз бен терең тарихымызды танығысы келеді. Сондай-ақ этносаралық татулық пен білім жүйесіндегі алға жылжу қызықтырады. Білім көкжиегін бағындыруға ұмтылған жастардың құштарлығына қарай оқу әдістемесін жетілдіріп тұрамыз.

Ибрахим Висхановтың ата-әжесі өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Қазақстанға жер аударылған. Пана тауып, ұрпақ өрбіткен бабаларынан ел азаматтарының жақсылығын естіп өскенін айтады. Ендігі арманы – магистратура мен докторантураны сәтті қорғап, қоғамға өз пайдасын тигізу.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz