Этносаралық қарым-қатынас мәдениетінің қалыптасуында бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады. Әрине, алдымен журналистердің өзі кәсіби сауатты болуы керек. Еліміздің жетістігі ішкі тұрақтылықпен тікелей байланысты. Сондықтан БАҚ өкілдері этносаралық мәселелерде жауапкершілік пен этиканы басты назарда ұстап, материалды әбден зерделеп барып жариялауы тиіс. Осыған орай елімізде төрт университеттің журналистика факультетіне «Этносаяси сауаттылық» атты арнайы курсы енгізілді.
Қоғамда ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей эмоцияға беріліп, әп-сәтте әлеуметтік желіге жариялайтындар кездеседі. Екі адам арасындағы дау кейде мүлдем басқаша сипат алып жатады. Мұндайда көпшілік нақты деректі журналистен күтеді. Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды екеніне Қазақстан халқы Ассемблеясының кезекті сесиясында тағы тоқталды. «Бұл Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет», – деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА Журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек. Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын, ең алдымен, өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарына жүйелі түрде қолдау көрсеткен жөн.
Былтырдан бері елімізде бірқатар жоғары оқу орындарында «Этносаяси сауаттылық» арнайы курсы оқытыла бастады. Дәрісті енгізген жоғары оқу орындарының қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бар. «Этносаралық дау-жанжалдарға қатысты оқиғаларды жариялау кезінде әр сөзді салмақтап, саралап, сауатты жеткізу қажеттігін меңгертіп жатырмыз», – дейді осы курстың оқытушысы Орынтай Ошанова.
Орынтай Ошанова, филология ғылымдарының кандидаты:
- Этностардың әлемде өмір сүріп жатқан аз ұлттардың мәдениетін, солардың тарихын қалай насихаттау керек, қалай этикалық тұрғыдан әдемі жеткізу керек. Бір ұлтты бір ұлттан төмендетпей, әр ұлтты тең дәредеже көрсету бұл да журналистерден сауаттылықты қажет етеді. Соның ішінде мәдени сауаттылықпен қатар басқа ұлттар туралы, әсіресе Қазақстандағы ұлттардың арасындағы байланыстар туралы сауатты материал әзірлеу қалай әзірлеу керек деген мәселені біздің студенттерге үйретіп жатырмыз.
Этносаяси сауаттылық курсында елімізде орыс, ұйғыр, корей тілдерінде шығатын баспа өкілдері, телеарна қызметкерлерімен шеберлік сабақтары өтіп тұрады. Сондай-ақ студенттер олардың редакцияларына барып тәжірибе алмасады.
Биболат Амантай, Журналистика факультетінің 2 курс студенті:
- Этнос өкілдері арасындағы ынтымақтастықты сақтау олардың ар-намысына, беделіне нұқсан келтірмеу мақсатында біз белгілі бір нормаларды үйренуіміз керек. Мақаланы жазу барысында біз этикет сақтауымыз керек. Осы курста қалай жазу керектігін, қалай материал дайындау керектігін үйреніп келе жатырмыз.
Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғаш рет этножурналистика мамандарын даярлап шығарады. Өзге этнос тілінде қандай газет-журналдар бар? Қандай хабарлар таратылады? Жалпы ұлтаралық қақтығыстың себебі не? Әлемде осыған ұқсас оқиғалар неліктен болып жатыр? Магистранттар екі жыл бойы осы мәселелерді саралап, білімін жетілдірді. Ал «Этносаяси сауаттылық» пәні студенттерге де, магистранттарға да бірдей оқытылады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов
Тегтер #университет #ҚХА 30 #1 мамыр #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz