RU
Толық нұсқаға өту

Елдегі 12 ЖОО Өзбекстандағы қазақ балаларын білім алуға шақырды

06.05.2025, 21:45 453

Қазақстандағы 12 жоғары оқу орнының өкілдері Өзбекстандағы қазақ балаларын білім алуға шақырып, кездесу өткізді, деп хабарлайды 24kz.

Жалпы қандастар үшін мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық мол. Ай сайынғы шәкіртақыдан тыс тегін жатақхана ұсынғандар да бар. Оқуға түсу жағынан да жеңілдіктер қарастырылған. Тіпті емтихан тапсырмай-ақ сұхбат арқылы ғана студент атануға болады. Өзбекстандағы қаракөздеріміз қазақ еліне келіп білім алуға ниетті екендерін білдірді.

Шыршық қаласында қалың қазақ тұрады. Шаһарда 5 қазақ мектебі жұмыс істейді. Содан да болар ғимаратта ине шаншар жер жоқ. Иә, қандастар үшін жеңілдік мол. Білім ордаларының әрқайсысы сырттағы ағайынға кемі 100 гранттан бөліп отыр.

Талғат Кенжебекұлы, «Отандастар қорының» өкілі:

- Қазақстан Үкіметі жыл сайын қандас жастарға квота бөледі. Соны игеру мақсатында еліміздің ЖОО алып келіп, қандас жастарға ақпараттық қолдау көрсетеміз.

Қаракөздердің Қазақстанда оқуға деген құштарлығы зор. Болашақ түлектер университет өкілдеріне қызықтырған сұрақтарын қойып, ақпаратқа қанықты.

Алтынай Оңалсынова, оқушы:

- Бізге көп мүмкіндіктер берілді. Өте ұнады. Енді сол мүмкіндікті дұрыс жағына пайдаланамыз деген ойдамын. Астанадағы оқу орына тапсырып, сол жақта оқығым келеді.

Сабина Өмірзақова, оқушы:

- Әлі таңдаған жоқпын. Ойлану үстіндемін. Бірақ бәрі жақсы екен. Мүмкіндіктер күшті. Осылай бізге көңіл бөліп жатқандарына рахмет.

Шыршық қаласында қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді. Төрағасы Жақсылық Жорықпаевтың айтуынша, қазақ балаларының ұлттық дәстүрге деген ұстанымы берік. Сондықтан арасында өнер ордаларына оқуға түскісі келетіндері де жоқ емес.

Жақсылық Жорықпаев, Шыршық қалалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

-Екі мемлекет президенттерінің осыдан бес жыл бұрынғы келісімі аясында осындай шаралар болып жатыр. Осынша оқушы келіп, зал лық толды. Ол оқушылардың барлығы жақсы көңіл күйде барамыз деп жатыр.

Қандастарды елге оқуға шақыру жобасы жылда ұйымдастырылады. «Және ол өз жемісін беріп жатыр», - дейді университет өкілдері. Студент атанған жастың тарихи Отанында қалуы қалыпты жағдайға айналып отыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz