RU
Толық нұсқаға өту

Меңдіқаралық мектеп түлектері аттестатпен қатар диплом алады

11.05.2025, 08:52 449

Қостанай облысындағы Меңдіқара ауданының мектеп түлектері жалпы білім беру аттестатымен қоса дәнекерлеуші маман дипломын алып шығады, деп хабарлайды 24kz.

Жергілікті колледждің жаңа бастамасын 35 оқушы мектеппен қатар дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқып жүр. Білім беру саласында 90 жылдық тарихы бар кәсіптік-техникалық колледжі бұл пилоттық жобаны бір жыл бұрын іске қосқан.

Мерзат Сапарғали – Боровской ауылындағы мектептің 11-сынып оқушысы. Сабақтан соң бірден колледжге келеді. Бұл жерде ол металды дәнекерлеу ісін игеріп жүр. Мерзат бұл мамандық алдағы өміріне қажет екеніне сенімді.

Мерзат Сапарғали, оқушы:

- Екі жерде оқуға болады. Мысалы мен сабақ бітірем, жақында аттестат аламын және осы колледжде оқып диплом аламын. Өте ұнайды осы мамандық. Өйткені осы мамандық үйдегі тірлікте де өте қатты көмектеседі өте қатты. Мысалы өсесің, бірнәрсе сынып қалса, біреуге бармайсың, өзім істей берем.

Мектеп оқушыларына кәсіби білім беру бағдарламасына өңірдегі екі колледж кірген. Соның бірі – осы Кәмшат Дөненбаева атындағы кәсіптік -техникалық колледж.

Дарья Скороходова, К.Дөненбаева атындағы кәсіптік-техникалық колледж директорының орынбасары:

- Бірінші жылы 15 адамға тапсырыс берілген. Біз 20 оқушы қабылдадық. Биыл оқуға ниет білдіргендердің саны 35-ке жетті. Олар колледжде бір жыл бес ай білім алады. Сосын кәсіби емтихан тапсырады. Қазір мектеп оқушыларын тек дәнекерлеу ісіне дайындап жатырмыз. Келер жылдан бастап, аспазшы мамандығы бойынша да қабылдаймыз.

Жалпы колледжде 6 мамандық бойынша 395 студент оқиды. Арасында Кәмшат апасының жолын қуып, техник-механик мамандығын меңгеріп жатқан қыздар да аз емес.Солардың бірі Варвара Шевчук. Жас қыз бүгінде алып трактордың құлағында ойнайды.

Варвара Шевчук, студент:

- Тракторды түсініп, сезіне білу керек. Сонда ол сенің ыңғайыңа көнеді. Сосын ынта-ықылас болса, жүргізіп, үйренудің еш қиындығы жоқ.

Өткен жылы бұл колледж республикалық «Жас маман» бағдарламасына енгізілді. Соның арқасында материалдық-техникалық базасын біршама жаңартты. Заманауи комбайн, трактор тренажерлары, жасанды елес әлеміндегі 3D дәнекерлеу технологиясы балалардың шеберліктерін шыңдауға пайдаланылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz