Түркістан облысында мектеп оқушысы әлемнің 86 оқу орнынан шақырту алды, деп хабарлайды 24kz.
Арыс қаласының мектеп бітіруші түлегі Айсұлтан Алтынбекке шетелдік оқу орындары 4,6 миллион доллар көлемінде грант ұсынып отыр. IT саласын таңдаған Айсұлтанның арманы асқақ. Ол дүниежүзіндегі озық университеттерде білім алып, болашақта өзі сияқты талапкерлерге арналған платформа жасағысы келеді.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Айсұлтан Алтынбек соңғы екі жылдан бері шетелде оқуды алдына мақсат етіп қойған. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орнында білім алып, өзі сияқты талапты жастармен бәсекеге түскісі келген. Сондықтан үздіксіз ізденіп, өзін жан-жақты дамытқанын айтады. Нәтижесінде АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Малайзия, Испания сияқты дамыған елдердегі университтерге құжатын жіберіп, 86-сынан шақырту алған. Барлығы да арнайы грант ұсынып отыр.
Айсұлтан Алтынбек, 11-сынып оқушысы:
- Көбінесе Америкадан келді. Қазіргі таңда нақты 86 шақырту бар. Әлі күнге саны өсіп жатыр. Негізінде нақты мамандығым IT саласы болғандықтан, Италия немесе Малазия мемлекеттерін жөн көріп жатырмын. Ұтқан сумма тек қана оқу ақысын жаппай, жатақхана, тамақ және төрт жыл уақытқа және қосымша гаджеттерді беруге мүмкіндік береді.
Ағылшын, түрік, неміс тілдерін жетік білетін талапты жас болашақта компьютерлік ойын дизайнын жасап, құрастырушы болғысы келеді. «Сол арқылы қазақтың тарихы мен мәдениетін әлемге танытсам», - дейді. Сондай ақ қазақ жастарының шетелде білім алуына мүмкіндік беретін сайт ашуды көздеп отыр. «Себебі жастар әлемнің озық оқу орындарына түсуге мүмкіндік көп екенін біле бермейді», - дейді.
Айсұлтан Алтынбек, 11-сынып оқушысы:
- Бұл сайт сіздің универге түсетін деңгейіңізді және қанша мүмкіндігіңіз бар екенін есептеп береді. Көп университеттер тегіннен тегін құжаттарыңызды қарамайды. Алдын ала төлем сұрайды. Егер бұл сайт болашақта жарық көретін болса, сіз ақшаңызды құртпай-ақ өз деңгейіңізді тексеруге мүмкіндік бар.
Айсұлтаннан бөлек, бұл мектептің тағы бірнеше оқушысы шетелдік университеттерден шақырту алған. 11-сынып оқушысы Ерасыл Жүнісбек 50 университеттің грантына ие болса, тағы 8 оқушы осындай жетістікке қол жеткізген. Мектеп басшылығы бұған қосымша білім беретін үйірмелердің де септігі көп тигенін айтады.
Есжан Омарханов, мектеп директорының орынбасары:
- Әр оқушыға сынып жетекшісімен ақылдасып жоспар құрамыз.Соның нәтижесінде оқушының жасаған әрбір қадамын бақылап, болашағын солай жоспарлап отырамыз. Сабақтан бөлек, сабақтан кейін бізде үйірмелер бар. Бұл үйірмелер оқушыларды дамытуға арналған. Шетелдік университеттер бұған қатты назар аударады.
Айсұлтанның жетістігі – тек Арыс қаласының оқушыларын ғана емес, тұтас Түркістан облысының мектеп бітіруші түлектерін қанаттандырып отыр. Талапты жас жаһанның озық оқу орындарының бірінде білім алып, елге қызмет етуді қалайды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов
Тегтер #Түркістан облысы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz