Қызылорда университетінің оқытушылары жаңа оқу жылына дейін жасанды интеллект негіздерін меңгереді, деп хабарлайды 24kz.
Олар арнайы тегін онлайн курстан өтеді. AI-Sana жобасы аясында студенттер мен магистранттар да оқытылады. Жоба елімізде жасанды интеллект мамандарын даярлауға бағытталған.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары жасанды интеллект негіздерін меңгеріп шығуы тиіс. Ол үшін олар тегін онлайн курстардан өтеді. Ұстаздардың айтуынша, бұл – уақыт талабы.
Нұрлан Құлмырзаев, Жасанды интеллект институтының директоры:
- Студенттерімізге Қазақстан тарихы сабағы болады. Мұғалім лекциясын береді, бірақ практикалық жұмысында міндетті түрде жасанды интеллекті пайдалану арқылы балалар СРС планды өткізу керек. Мысалы, батырды өтті ма, батырды сөйлетеді. Тарихи бір оқиға болды ма, ол тарихи оқиғаны басқа оқиғамен салыстырады, болмаса, оған басқа бір генерация береді деген сияқты. Міндетті түрде рефераттардың барлығында өзгешелік, транформация болып жатыр.
AI-Sana жобасы аясындағы бұл курсқа студенттермен қатар магистранттар мен докторанттар да қатысады. Бұл – түрлі салаға қажетті жасанды интеллект мамандарын даярлаудың алғашқы баспалдағы.
Майнура Бөрібаева, Қызылорда университетінің проректоры:
- ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Әлемдік компаниялардың дәрістері бар. Оларға онлайн түрде қолжетімдікті бізге ашып отырған ғылым министрлігі.
Мамандардың айтуынша, AI-Sana жобасына республика бойынша 650 мың студентті тарту жоспарланған. Олар төрт кезең бойынша оқытылады.
Баянәлі Досжанов, Қызылорда университетінің департамент директоры:
- Енді екінші кезең бойынша Қазақстан бойынша ірітеліп жүз мың студент әрі қарай тереңдетіп оқытылатын болады. Үшінші кезеңде 1500 IT саласының мамандары тереңдетіліп оқытылатын болады. Және төртінші кезеңде Қазақстандағы өндіріс орындарында, тиісті салаларда осы жасанды интеллектіні қолдана алатын мамандар даярланатын болады.
Қазірдің өзінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 7 мыңнан астам студенті жасанды интеллект негіздеріне арналған онлайн курстардан өтіп үлгерген.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев
Тегтер #Қызылорда #оқытушылар #жасанды интеллект #университетPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz