RU
Толық нұсқаға өту

Ақтаулық оқушылар өндірістегі оқыс жағдайдың алдын алатын жоба ойлап тапты

18.05.2025, 10:00 292

Ақылды жүйе «Цифрлы инспектор» деп аталады.

ІТ бағдарлама зауыттарда еңбек қауіпсіздігі ережесінің бұзылмауын қадағалап отырады.  Мәселен, жұмысшы қорғаныш каскасы мен арнайы киімін кимесе дереу белгі береді. Төтенше жағдай кезінде эвакуациялаудан бастап, барлық іс-шараны тіркеп, бақылау жүргізеді. Жас өнертапқыштардың жобасы отандық зауытта тестілеуден өтіп жатыр.

Жобаны Ильяс Тілеужан мен Сара Сайранова ойлап тапты. Дарынды жеткіншектер ІТ бағдарламаны әзірлеу жолында 1 жылдан астам ізденген. Олар жасаған цифрлық жүйе жұмысшы өндіріс орнына кірген сәттен бастап әр қимылын жіті бақылап отырады. Жасанды интеллект төтенше жағдай кезінде адамдарды тұрған жерін жедел анықтап, оларды қауіпсіз жерге шығаруға бағыт көрсете алады.   

Сара Сайранова, жоба авторы:

- Сонымен қатар біз жұмыс өнімділігін де аналидейміз. Соған баға береміз. Мысалы, біздің «ella weed» моделіміз адамдардың қайда жүргенін, қандай киім тұрғанын анықтай алады. Виртуалды картаны «Мапинг» функция арқылы жасай аламыз. Яғни арнайы территорияны алдын ала белгілеп сол жаққа кімнің кіргенін, қайда және қай уақытта жүргенін бақылай аламыз. Бұл эвуакуация уақытында әсіресе тиімді.

Ілияс Тілеужан, жоба авторы:

- Өндіріс орнында көзге көрінбейтін орында өрт тұтанып, соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады. Біз ойлап тапқан ақылды жүйеге бейнебақылау камералары, апатты белгі беру құралдары жалғанады. Бағдарлама газ немесе түтін шыққан жерді жедел анықтап, дабыл қағады. 

Жас өнертапқыштар ақылды жүйе өндірістегі оқыс жағдайдың алдын алуға себеп болады дейді. Олардың жобасы Қарағанды қаласындағы зауытта сынақтан өтіп жатыр. Жетекшісі Қазбек Қалиевтің айтуынша, сандық үлгідегі бағдарлама қысқа мерзімде тиімділігін көрсеткен. 

Қазбек Қалиев, жоба жетекшісі:

- Үлкен мекеме, зауыттарда ғана емес әрі қарай да оны мектептерге, университеттерге тағы басқа да салаларға, мысалға аэропорттарға орнатуға да болады. Сол жағынан да оқушыларымыз жұмыстанып жатыр, дамыту бойынша. Авторлық құқық алайын деп жатырмыз.

Ақтаулық оқушылар «Цифрлық инспектор» жобасын жергілікті кәсіпорындарда қолданып көруге ниетті. Қазір бұл бағытта келіссөздер жалғасуда. Авторлық құқық алған соң өзге өңірлерде жүзеге асыруды қолға алмақшы. ІТ бағдарламаны әлемге дәріптеу мақсатында халықаралық байқауға өтінім жолдап та қойған.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz