Атырау облысында инклюзивті білім беретін маман тапшы, деп хабарлайды 24KZ. Облыс орталығының өзінде ерекше оқуды қажет ететін 7 мыңдай бала бар. Сондықтан өңірде бұл салаға кадр даярлау мәселесі өзекті болып тұр. Ал логопед, дефектолог мамандығына қызығатын жастар аз.
Атырауда мектеп жасына дейінгі ерекше балалармен жұмыс істейтін 4 орталық бар. Олардың көмегіне жүгетіндер де жыл сайын артып барады. Соңғы бес жылда балалар арасында аутизм, тілдің кеш шығуы, психикалық дамудың кешеуілдеуі күрт көбейген. «Дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгіну керек», – дейді мамандар.
Гүлдана Абдулғазезқызы, түзету орталығының жетекшісі:
- Ата-ана дер кезінде баланың ерекше екенін, артта қалып келе жатқанын көргендіктен, бірден дәрігерге, невропатолог маманына жолығу керек. Көп кезде соны ата-анаға түсіндіре алмай жатырмыз. Жалпы енді біз осы салада мен 10 жылдан астам жұмыс жасап келе жатырмын ғой, ерекше балалармен жұмыс жасау маған оңай көрінгенімен, жаңа бастап келе жатқан мамандарға қиынырақ.
Облыс орталығындағы жоғары оқу орны 2010 жылдан бері логопед, дефектолог, психолог-педагог мамандарды даярлайды. Студенттер тәжірибесін университетте жүріп-ақ шыңдайды. Ерекше білімді қажет ететін 10-ға жуық бала апта сайын оқу ордасына келіп, тегін кеңес алады.
Университеттің 3 курс студенті Нұрайна Мейрамғалиева оқудан бос уақытта логопедиялық түзету орталығында жұмыс істейді. Бұл мамандықты таңдауының да өз себебі бар.
Нұрайна Мейрамғалиева, студент:
- Бауырымның сөйлеу тілінде кемістігі болғандықтан таңдаған болатынмын. Қазіргі таңда үлкен нәтижелерге жетіп, осы мамандықты таңдауымның арқасында сөйлеу тілі қалыптасып келе жатыр.
Өңірде инклюзивті білім беретін педагог аз. Бірақ сұраныс жоғары. Осыған байланысты қазір өңірдегі университетте жаңа мамандық түрлері ашылған.
Қарас Қазиев, кафедра меңгерушісі:
- Биылғы оқу жылдан бастап біздер арнайы педагог мамандықтарын дайындап жатырмыз. Неге? Себебі бұл жерде тек қана ерекше білім берудің бағытында бір ғана логопед емес, олигофрения педагогикасы бар, сурдопедагогикасы бар, тифлопедагогикасы бар барлық бағыттарында маман даярлауды қолға алып жатырмыз. Бұл өңірдің сұранысына байланысты.
Мұндай мамандықтарға мемлекеттік грант та жеткілікті бөлінеді. Ал шекті балл 75-тен басталады. Дегенмен жастардың қызығушылығы төмен. Сол себепті гранттар толық игерілмей қалып жатады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау облысы #инклюзивті білім беру #логопед #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz