RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде биыл 217 мың түлек мектеп бітіреді

20.05.2025, 13:26 768

Биыл оқу жылын 4 миллионға жуық оқушы аяқтайды. Оның 391 мыңы бастауышпен, ал 217 мыңы мектеппен қоштасады, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі осы бағыттағы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Альмира Оразбай, тілші:

- Оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл да әдеттегідей мыңдаған оқушы мектеппен қоштасып, өмірлерінің жаңа кезеңіне қадам басады. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, 9 және 11-сынып бітірушілерінің қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 16 маусым аралығында өтетінін айтып, аттестаттарды табыстау рәсімі 18-і мен 20 маусым аралығына белгіленді, деді. Ал соңғы қоңырау 23-24 мамырда өтеді.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Мектеп бітірушілер саны – 217 мың оқушы. Оның ішінде Алтын белгіге үміткерлер саны алдыңғы жылдардағыдай 5%-ті құрайды. Оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар педагогикалық кеңестің шешіміне сәйкес мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты шараны 23-24 мамырда өткізу ұсынылды. Аттестаттарды табыстау рәсімі 18-20 маусым аралығына белгіленіп отыр.

Альмира Оразбай, тілші:

- Енді колледжерге келсек, биылғы оқу жылында 173 мың студент оқуын аяқтайды. Оның 123 мыңы жұмысшы біліктілігі, ал 27 мыңы дуальді оқыту аясында бітіреді. Бүгінде колледж түлектері жұмысқа орналастырылып жатыр. Былтыр олардың 81%-і жұмыспен қамтылған.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- 10 мың студент кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша бітірді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге және колледждердің бизнеспен өзара іс-қимылына аса назар аударылып отыр. Оқу жылының қорытындысы бойынша шефтік көмек көрсететін кәсіпорындардың саны 7 есеге артты. Бүгінде  4 мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге шефтік көмек көрсетуді бастады.

Альмира Оразбай, тілші:

- Министрліктің басты бағыттарының бірі – мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру. Биыл елдегі 10 мың демалыс орнында 3 миллионнан астам бала каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мыңы қала маңындағы демалыс орнында болады. 2 миллион 800 мың бала мектеп жанындағы лагерде уақыт өткізсе, 160 мың оқушы шатырлы және киіз үй орындарында демалады деп жоспарланған.

Авторлары: Альмира Оразбай, Артур Горшняков

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz