RU
Толық нұсқаға өту

«Жайлы мектеп»: 200 мыңнан астам ауыл баласы заманауи білім беру ордасымен қамтылды

21.05.2025, 20:31 596

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ордалары биыл толығымен пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.

Қазір 105 оқу ошағы жұмыс істеп тұр. Қалған 112 нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жемісті жобаның ауқымын жоғары бағалайтын жауаптылар жаңа оқу ошақтарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Жайлы мектептердің жартысына жуығы жырақтағы елді мекендерде бой көтеруде. Ұлттық жобаның арқасында 200 мыңнан астам ауыл баласы заманауи білім беру ордасымен қамтылды.

Мәселен, Арқалықта ашылған «Жайлы мектеп» – қалада Тәуелсіздіктен бері бой көтерген алғашқы білім ордасы. 300 орындық оқу ошағы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Қазір мектепте 316 оқушы білім алады.

Ақтоты Жанаралқызы, №7 орта мектебінің директоры:

- 2024 жылдың қараша айында біздің Арқалық қаласы үшін үлкен бір елеулі орқиға болды. Ол көп жылдан бері біздің қаламызда жаңа мектеп салынып тапсырылды. 316 оқушы білім алуда. 18 сынып қабылданды. Сондай-ақ логопед кабинеті, психолог кабинеті әлеуметтік педагог және инклюзивті кабинеттер де қарастырылған. Оқу процесі заманауи жабдықталған кабинеттерде өтеді.

Елде мұндай мысал көп. Ең бастысы, «Жайлы мектептің» көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ке үлкен, ал техникалық жарақтануы 4 есе артық. Оған қоса, құрал-жабдықтары заманауи, оқушыларға қолайлы. Ұлттық жоба мектеп тапшылығын ғана шешпей, білім сапасын арттыруға да жол ашты. Кей мамандар: «Жайлы мектеп» құр ғимарат емес, жарқын болашақтың бастауы», - дейді. Мұнымен Оқу-ағарту министрі де келіседі. Ол жаңа оқу ошақтарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отыр.

Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- «Жайлы мектеп» жобасы – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдары «Келешек мектептері» аталатын болады. Бұл ұсынысымыз ұрпағының келешегіне бей-жай қарамайтын азаматтар тарапынан қолдау табады деп сенеміз.

Келешекте бұл мектептер моделі еліміздегі барлық білім ордаларының дамуына негіз болады. Пысықталған стандарттар, әдістемелер мен басқару шешімдері бүкіл республика бойынша таратылады.

Айта кетейік, елімізде соңғы алты жылда 1 млн-нан аса оқушыға арналған мыңнан аса мектеп салынды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Авторы: Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz