RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында 9 мектеп салынды

22.05.2025, 08:10 423

Ақмола облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 білім ошағы салынды, деп хабарлайды 24KZ. Оның жетеуі Целиноград ауданында ашылса, екеуі облыс орталығында бой көтерді. Қазір бұл оқу ошақтарында 12 мыңға жуық бала білім алады. Игі жоба аймақтағы үш ауысым мектептердің мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік берді.

Көкшетаудағы қос жайлы мектеп жылдың басында пайдалануға берілді. Екі нысанда мың жарым орынға шақталған. Соның бірі – осы техникалық мектеп лицейі. Қазір мұнда 1200-ден астам бала білім алады. Олар үшін оқу ошағында барлық жағдай жасалған. Яғни сабақтан кейін оқушылар мектеп ішіндегі түрлі үйірмелерге қатысады. 

Ералы Айтмұханбет, оқушы:

- Өте жақсы мектеп. Өйткені мұнда көптеген нәрселер бар. Мысалы, 4 спортзал бар. Екіншіден, мұнда демалатын орындар бар. Отыруға болады, ойлануға болады.

Тілеген Амангелді, мектеп директоры:

- Келер оқу жылына біз бірінші сыныпқа 125 қабылдаймыз деп отырмыз. Оның барлығы қазір толды. Бірінші қырқүйекте біз өзіміздің жобалық қуаттылығымызға шығамыз. Кабинеттерге тоқсалсам, біз 60-тан астам кабинет бар. Оның ішінде мұғалім үшін барлық жабдық бар. Керекті интернет панельдар, өздерінің компьютер, принтерлары бар. Балалардың жеке бастарына, мысалы, 1500 оқушы болса, солардың әрқайсыларының жеке «шкафтары» да бар.

Облысқа қарасты бірнеше аудан елорданың іргесінде орналасқан. Жыл санап бұл аумақтарда халық саны өсіп келеді. Әсіресе Целиноград ауданындағы білім ошақтарының жүктемесі ауыр. Сол себепті жайлы мектептің жетеуі елорда маңындағы ауылдарда ашылды. 

Әсемгүл Сүлейменова, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Ақмола облысында қазір үш ауысымда оқитын мектеп жоқ. Бұл мәселе осы ұлттық жоба аясында шешілді деуге болады. Жаңа мектептер орын тапшылығын ғана емес, білім сапасына оң әсер етеді деген үміттемін. 

Осылайша Ақмола облысы алғашқылардың бірі болып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірге міндеттелген 9 мектепті қолданысқа берді. Барлық білім ошағы бір ауысымда жұмыс істейді. Ал түстен кейінгі уақытта балалардың тұлғалық дамуына жол ашатын іс-шаралар ұйымдастырылады. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz