Орал қаласын отандық кеме жасау орталығы деуге болады. Жергілікті зауыттан шыққан су көліктері елдің теңіз шекарасын күзетіп жүр. Кеме құрастырумен оқушылар да шұғылданады. Теректі ауданындағы Подстепное орта мектебінің оқушылары былтыр судомоделизмнен өткен ел чемпионатында 5 алтын, 6 күміс медаль жеңіп алды. Дарынды жеткіншектер келешекте конструктор мамандығын меңгеріп, нағыз кеме құрастыруды армандайды.
Барбастау өзенінде жүзіп жүрген мына кішігірім катерлер мен кемелер – Теректі ауданы Подстепное ауылындағы орта мектеп шәкірттерінің қолынан шыққан дүниелер. Осы білім ордасындағы кеме үлгілерін жасау үйірмесінде 14 жыл бойы балаларға су көліктерін құрастырудың қыр-сырын үйретеді.
Бүгінде үйірмедегі 11 оқушының бесеуі судомоделизмнен спорт шеберлігіне үміткер. Соңғы 5 жылда батысқазақстандық өрендердің республикалық жарыстан жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Ал былтыр Ақтөбеде өткен халықаралық достастық кубогының кезеңдік жарысында командалық үшінші орын алған. Айдында көз ілеспес жылдамдықпен жүзген әр катердің артында шәкірттердің тынымсыз еңбегі мен маңдай тері тұр.
Ермек Бақтыбай, мектеп оқушысы:
- Бұл моно деген класс, минимоно дегеннен үлкен түрі. Бұл үлкенірек және жылдамдығы жоғары, 70-80 км сағатпен жүре береді. Бұның уақыты 6 минут. Бірақ бұл өте жылдам, карбоннан жасалған және ішіндегі заттар да қымбат тұрады. Өскен соң үлкен кемелер жасағым келеді, бұйырса. Бірақ қазір тек арман.
Зейінді өрендердің арманына жетуіне кеме үлгілерін жасау үйірмесінде көмектеседі. Балалар мұнда әлемдік кеме өндірісінің тарихымен танысады, өздері сұлбасын сызады.
Нұрасыл Есқара, мектеп оқушысы:
- Кеменің атауы Вирджини. Бұның ұзындығы 1 метр және де Ф2Б класына арнап істеліп жатыр. Бұл дегеніміз атом ракеталы крейсер. Қатысқаныма 5 жылдай уақыт болды. Өзіме ұнайды. Бұл жерде көп заттар үйрендім және болашағыма керек ақпараттар алдым.
Үйірмеге сурет және сызу пәнінің мұғалімі Манас Аққожин жетекшілік етеді. Ол азаматтық борышын әскери теңіз флотында өтепті. Айтуынша, қазақ балаларын техникаға көбірек тартса деген ой кеме модельдеу ісіне көңіл бөлуіне түрткі болыпты. «Жарысқа апарған алғашқы кемеміз жүзбей қалғанда намыстан жарылып кете жаздадым», – дейді ол.
Манас Аққожин, кеме үлгілерін жасау үйірмесінің жетекшісі:
- Біздің бабаларымыз ерліктен, ақылдан кенже болған жоқ кезінде. Тек қана техникасының жетіспеушілігінен жеңіліске ұшырады. Сондықтан біз қай уақытта да өзгемен бәсекелес болуға тырысуымыз керек. Сондықтан біздің жасап жүрген жұмысымыз сол мақсатқа бағытталған. Яғни кішкентайынан технологияны, электрониканы, механиканы, сызбаны меңгерген бала ертең өмірде қай салада болса да, жақсы маман болады.
Оқушылар үйірмеге 5-сыныптан бастап қатысады. Жобалауынан бастап түрлі детальдарын өздері орнатады. Бұрын кеменің корпусын шетелден сатып алып келсе, соңғы жылдары өздері жасауды үйреніпті.
Манас Аққожин, кеме үлгілерін жасау үйірмесінің жетекшісі:
- Арнайы «стеклоткань», кевлар, карбон деген материалдар бар. Солармен жұмыс жасаймыз. Себебі олар мықты, жеңіл болады. Бүкіл талапқа сай келеді. Мынаны осыған дейін Қытайдан, Украинадан сатып алып жүргенбіз. 2020 жылы карантин болды ғой. Сол кезде осыны меңгеріп, қаншама кемені біздер республикаға саттық. Оның да қыр-сыры бар, вакуум керек, құралдар керек. Мұның бәрі – еңбекпен, ізденіспен келетін нәрсе.
Қазір теректілік шәкірттер судомоделизмнен алдағы айда Оралда өтетін ел біріншілігіне дайындалып жатыр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов
Тегтер #БҚО #оқушылар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz