RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» жобасымен 12 білім ордасы салынып жатыр

27.06.2025, 17:39 335

Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 12 білім ордасы салынып жатыр.

Соның біреуі «Саяжай-1» тұрғын үй алабында бой көтерген. 300 балаға арналған ғимарат пайдалануға берілгенде елді мекендегі ең өзекті мәселе шешімін табады.

«Саяжай-1» тұрғын үй алабында мектеп жоқ. Сондықтан жергілікті тұрғындар білім ордасының салынып бітуін тағатсыздана тосып жүр.

Арайлым Жетпісбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Сегізінші мектепте оқиды екі балам. Сегізінші мектеп алыс болып тұр. Автобуспен жүреміз. Мына новый мектеп ашылса екен. Бізге жақын есік алдындамыз. Ашылғанын күтіп отырмыз. Енді баламыз деген сабаққа өзіміз апарып өзіміз әкелмейміз. Өзі кіре қояды. 

6 мың шаршы метрден асатын ғимарат құрылысы 2 жыл бұрын қолға алынды. Содан бері құрылысшылар жұмыстың басым бөлігін аяқтады. Қазір олар нысан ішін әрлеп, ауланы абаттандырып жатыр.

Ақмарал Алимбаева, құрылыс компаниясының өкілі:  

- Мектептің дизайнын жасап, ауласына асфальт төсеу қалды. Аталған жұмыстарды шілде айының соңына дейін толығымен аяқтап, өткізіп беруді жоспарлап отырмыз. 

Аталған ғимарат қыркүйек айында оқушылар үшін есігін айқара ашатын болады. Жалпы, Ақтөбе облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 14 оқу орны салынып жатыр. Соның екеуі пайдалануға берілген.

Аслан Жарасбаев, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- 12 мектептің барлығын осы жылы аяқтаймыз. Жалпы бұл бағытқа 71 млрд теңге бөлінген. Осы 25 жылға қарастырылғаны 21 млрд теңгені құрайды.

Жаңадан бой көтерген білім ошақтары аймақтағы үш ауысымды және апатты мектептер санын азайтуға ықпал етпек. 

Ақкенже Тындыбаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:  

- Біздің облыста екі апатты мектеп бар. Соның біреуіндегі оқушылар «Келешек мектебіне» көшіріледі. Ал Шалқар ауданындағы ескі мектептегі балалар үшін облыстық бюджет есебінен жаңа ғимарат салынып жатыр. Үш ауысымда оқыту мәселесі де ретімен шешіледі. 

«Келешек мектептері» Ақтөбе қаласы мен Темір, Мұғалжар, Мәртөк ауданында тұрғызылып жатыр. Жыл соңына дейін құрылысы аяқталып, 10 мыңнан астам оқушы озық үлгідегі ғимаратта білім алатын болады. 

Шыңғыс Қалиден, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz