Биыл елімізде «Келешек мектептері» жобасы аясында 112 білім ордасы пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа оқу жылында 200 мыңнан аса оқушы заманауи мектепте білім алмақ. Қазірдің өзінде Астанада 7 білім ордасы салынып жатыр. Осының арқасында бас қалада үш ауысымда оқу мәселесі түбегейлі шешімін табады. Құрылыс жұмыстары алғашқы қыркүйеккке дейін аяқталады деп жоспарланған.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Динараның қызы биыл 1-сыныпқа барады. Таңдауы үй маңындағы №106 мектепке түсіпті. Онысы бекер емес. «Алдымен баламның жайлы, қолайлы ортада оқығанын қалаймын», - дейді. Құжаттарын жинап, қазірден қамдануға кіріскен. Алғашқы сыныбын көрсетуге қызын да ерте келіпті. Жарық, кең кабинеттерді көріп бала да мәз-мейрам.
Динара Алина, қала тұрғыны:
- Біз оң жағалаудан жақында ғана пәтер алдық. Осы ауданда жаңа үлкен мектеп салынғанын енді біліп жатырмын. Бүгін қызымды алып келіп отыр. Осында оқыса деп ойлаймын. Бізге ұнады, іші қандай кең, бәрі жаңа. Қызым да қатты қуанып қалды.
Ұлттық жобамен салынған бұл білім ошағы биыл алғашқы түлектерін түлетті. Өткен оқу жылында 66 оқушы 11-сыныпты тәмамдаған. Қос ауысымдағы мектеп 2000 орынға лайықталған. Білім ордасында бүгінгі күні 3600-ден аса бала білім нәрімен сусындап келеді. Бірыңғай стандартпен салынған ғимаратта жаңашылдық көп. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Оқу кабинеттері түгелдей жаңа технологиялармен жабдықталған. Интерактивті тақта, қолжетімді компьютер.
Гүлсан Жаманқараева, Астана қаласы әкімдігінің «№ 106 орта мектеп» КММ директоры:
- Мектебіміздің ерекшелігі – 4 спортзал бар. Екі кіші және екі үлкен спорт зал қарастырылған. Кітапхана. Мектеп 2000 балалық. Қазіргі кезде 3560 бала білім алуда. 11-сыныпты 66 бітірді.
Азамат Тасыбайұлы, қала тұрғыны:
- Мектеп атына сай, жайлы болып тұр. Заманауи кабинеттер бар. Химия, физика кабинеттері бар. Біз өзіміз 90-жылдары оқыдық. Мұндай мектептер үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін еді. Сабақтың үстінде бала шөлдеп қалса, ақысыз су іше алатын мүмкіндігі бар.
Ауқымды жоба алғашында «Жайлы мектеп» деп аталды. Кейін министрлік ұсынысымен «Келешек мектептері» болып өзгертілді. Атауы ауысқанымен мақсат-мүддесі өзгеріссіз. Оқушы мен ұстазға жайлы орта қалыптастыру. Қала мен ауыл баласындағы арақашықтықты жою. Межелі міндетке жету үшін ұлттық жобада арнайы бірыңғай стандарт бекітілген. Бастама аясында бас қалада 23 мектеп жоспарланған. Оның 16-ы ел игілігіне берілді.
Нариман Еламанұлы, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы таңда бізде 7 қалған мектеп беріледі. Сол мектептер 14 мың орын береді. Қазіргі күні Астана қаласында 2 үш ауысымды, 7 тығыз мектептер бар. 7 мектеп қолданысқа берілген соң осылардың мәселелері шешіледі.
Бас қалада бүгінде 280 мыңнан астам бала білім алады. Тағы 30 мыңға жуық бүлдіршін алдағы оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Келешек мектептерін құрудағы басты мақсат – шәкірттердің оқып-тоқу үшін тең мүмкіндік жасау. Президент те қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты жоюды тапсырған еді.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Жарқын Өрден
Тегтер #Келешек мектептері #заманауи мектеп #құрылыс жұмыстарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz