RU
Толық нұсқаға өту

Су саласы мамандықтарына түсетін түлектерге грант саны 70%-ға артты

15.07.2025, 19:51 537

Елде су саласы мамандықтарына түсетін студенттер үшін грант саны 70%-ға артты.

Жаңа оқу жылында гидрогеология және гидрология сияқты пәнаралық мамандықтарды есептемегенде, тегін оқу мүмкіндігі 1052 талапкерге берілмек. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері хабарлады. Айтуларынша, сала мамандарына мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі де, жыл санап артқан көрінеді. Биыл бұл бағытта, қандай жұмыстар атқарылады?

Су шаруашылығы саласын жаңа, білікті кадрлармен қамтамасыз ету президент жүктеген нақты міндеттің бірі. Мемлекет басшысы тапсырмасынан соң грант санын арттыру қолға алынды. Жаңа оқу жылында тегін оқу мүмкіндігі 1052 білімгерге беріледі. Мамандықтар бөлінісінде тізбелесек, су ресурстары және суды пайдалану, гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация. Жеке дара қарастырылуы да тегін емес. Жыл сайын елде су саласының мамандарына деген сұраныс артпаса, кемімей тұрған көрінеді.

Жанна Есінбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

- Гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация сияқты мамандықтарды 2024-2023 жылдары  бөлек мамандық ретінде бөліп шығарып, жеке-жеке гранттар ретінде қарастырғанбыз. Бұл салаға гранттарды жеке қарастыру, мамандықтарды бөлу су ресурстары министрлігімен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесі. 

Су шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарының саны да артып келеді. Жаңа оқу жылынан бастап Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті алғаш рет "Гидромелиорация" мамандығы бойынша студенттерді қабылдайды. Білікті кадр жасақтау ісіне "Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті де өз үлесін қоспақ. Өткен жылы Тараз қаласында ашылған оқу орнында қазір 300-ден аса жас білім алып жатыр. Алдағы оқу жылында да осынша талапкер қабылдау  жоспарланған.

Ғалия Омарова, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті ректорының кеңесшісі:

- Біздің университетімізге грант беріліп отыр. Оның 260-ы су саласы бағытына тікелей қатысты. Бізді бітірген мамандарымызды жаңадан Қазақстанның түпкір-түпкірінен ашылып жатқан су бағыты бойынша колледждерге шақырып жатыр. Одан басқа бассейндік инспекциялар да шақырып жатыр. және ірі облыста орналасқан Қазсушар бөлімдерінде филиалдарында жұмысқа шақырып жатыр. 

Бүгінгі таңда үкімет су мамандарының мәртебесін көтеруге күш салып келеді. Екі жыл бұрын су ресурс­тары мен ирригация министрлігінің құрылуы да салада қордаланған мәселелерді шешуге серпін берді. Алаңдатарлық басты түйткіл кадр тапшылығы. Министрлік мәліметінше, алдағы 5 жылда су саласында маман жетіспеушілігі орын алуы ықтимал.

Дидар Жәнібекұлы, ҚР СРИМ адам ресурстарын басқару басқармасының  басшысы:

- Біздің алға қойған ең маңызды міндеттің бірі - өңірлерде жұмыс істеп жүрген мамандарға талдау жүргіздік. Олардың саны 11 мыңнан асады. Жас ерекшеліктері мен білімдеріне талдау жүргізді. Оның нәтижесінде алдағы 5 жылда 2000 жуық маман зейнетке кетеді екен. Бұл өте алаңдатарлық мәселе. 

Енді су саласының мамандары да "Болашақ" бағдарламасымен шетелде білім алу мүмкіндігіне ие. "Гидрогеология", "Су ресурстары" және "Су қауіпсіздігі" мамандықтары алғаш басымдық берілген білім беру тізбесіне еніп отыр. Бұдан бөлек биыл су саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттердің саны төрт есе өсіпті. Өткен жылы бұл көрсеткіш 82 болса, биыл 339-ға жетті.

Кәмшат Мұхамеджан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz