RU
Толық нұсқаға өту

Сұранысқа ие кадрларды даярлау қажет

17.07.2025, 19:11 348

Жұмысшы мамандардың мәртебесі олардың мәселесін реттеумен шешіледі.

Тіпті мектептен бастап жүйелеп, жеткіншекті кәсіп таңдау жолында жетектеу керек. Әркім қабілетіне қарай қадам басса пайдасыз дипломның соңынан жүгірмейді. Қабілет-қарымын шыңдап, дағдыларды үйренеді. Елге алдағы 6 жылда 1 млн 600 мың жұмыс күші керек. Осы ретте жұрт жаппай оқитын мамандыққа түсіп, кейін еңбек нарығында еленбей қалғаннан гөрі қажет кәсіптік-техникалық білімін көтерген абзал.

«Ақ жағалы» болу басым адамның арманы. Ал «жұмысшы мамандық» десе көпшілік кірпідей жиырыла қалады. Неліктен олай? Себебі қоғамға қажетті екенін және қадірін жете түсінбейді. Университет бітіріп, диплом алуды қалайды. Әлбетте білім мұратқа жеткізеді. Бірақ қабілет-қарым одан да маңызды. Ал жоғары оқу орындары ұдайы жоғары мансапқа бастай ма? Күрмеулі мәселе, күрделі сұрақ. Егер оқыған мамандық нарықта сұранысқа сай болмаса, алған білімнің парқы бар ма? Қоғамдық белсенді Нүркен Халықберген осыны саралап көрді.

Нүркен Халықберген, қоғамдық белсенді:

- 100 мыңдай отбасы шығынды есептемей тек инерциямен жоғары оқу орындарын таңдайды. Оқу ақысы жылына 1 млн теңге. Бірақ түлектердің 75% ғана мамандығына сай жұмыс табады. Әйтсе де салынған инвестицияны бірден өтемейді. Ал жұмысшы мамандықтар – дәнекерлеуші, краншы, дрон операторы алғашқы күннен-ақ 250 мыңнан 800 мың теңгеге дейін табыс табады. Мемлекет гранттарға жүздеген миллиард теңге жұмсайды. Студенттер салық төлемейді, көбісі кетіп те қалады. Дамыған елдерде дипломға емес, дағдыларға бәс тігіп жатыр. Қысқасы университет бәріне керек емес. Егер жеткіншек ғылымға немесе IT-ге әуестенбесе, ұмтылмаса, онда колледж бен тәжірибе дұрыс. 

Жаңылмай таңдау – кәсіптік бағдарға байланысты. Бұл енді мектептердің міндеті. Баланың бойындағы дағдылар айқындалса болашақ даңғыл жолы да ашыла түседі. Мәселен, Германияда оқушылар жұмасына 2 рет әр мамандықпен машықтанады. Сөйтіп, ебі бар, қабілетіне сай, қызыққан кәсібіне баулиды. Егер мемлекет мектептерде ерте кәсіптік бағдар беруді нықтап қолға алғанда, қазір еңбек нарығында қажетті мамандар сұрағы туындамас еді, дейді сарапшылар. «Ештен кеш жақсы». Жұмысшы мамандықтар бойынша 1 мың 600 кәсіби стандарт жаңартылды. Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, 2 мыңнан аса білім беру бағдарламасын дайындайды. Биыл 1 қыркүйектен техникалық және кәсіптік білім алатын  бір студентке тиесілі ақша 437 мыңнан, 912 мың теңгеге өседі. Алдағы 6 жылда 1 млн 600 мың жұмыс күші керек.

Санжар Тәтібеков, «Талап» коммерциялық емес АҚ басшысы:

- Бірінші кезекте бұл энергетика саласы. Баламалы бар, басқасы бар. Атом станциясын салуға да мамандар керек. Екіншіден ЖИ-ді пайдалана отырып, дағдыны дамыту керек. Үшіншіден көлік және логистика саласы. Сонымен қатар кен металлургия өндірісі. Оған да дәнекерлеуші, металлург, кенші керек. Ауыл шаруашылығы өндірісі. Яғни ауыл шаруашылығында мамандар жетіспей жатады. Маманжар іздейміз. Қызмет көрсету саласы...

Желпініп тапқан жеңіл ақшаның жұғымы жоқ. Тек маңдай тер, адал еңбек еткен төрге озады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

«Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру - аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық». 

Темірлан Төлеу, қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, әлеуметтанушы:

- Қазіргі заман өмір бойы оқуды, білікті арттыруды талап етеді. Менің ойымша, көп қателіктің бірі яғни ол колледжге немесе кәсіптік мектепке барса соңғы аялдамасы ретінде қарастырады. Жоқ, ол бұның бірінші аялдамасы. 

2030 жылға қарай әлемде 60% жұмыс беруші цифрлық құзыретке басымдық беріп, трансформация жасайды. Тағы да дипломнан гөрі дағды алға шыққалы тұр. Сосын сарапшылар колледжердегі мамандарды тек зауыт пен фабрикаға даярлау дұрыс емес, деп санайды. Қазір нарықтық экономика. Демек, жеке кәсіпті дамытуға ден қойылған. Ал шағын-орта бизнесте кадр тапшы. 

Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz