RU
Толық нұсқаға өту

Келешек мектептері: батыста жыл соңына дейін алты білім ұясы қолданысқа беріледі

23.07.2025, 19:35 412

Батыс Қазақстан облысында өткен оқу жылында «Келешек мектептері» жобасы аясында 3 білім ордасы бой көтерсе, жыл соңына дейін тағы 6 мектеп тапсырылмақ.

Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде жаңа мектептердің мүмкіндіктері орасан. Ал жалпы алғанда өңірде күні бүгін 25 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Деркөл кентіндегі мың жарым орындық №51 мектеп былтыр желтоқсан айында тапсырылды. Өткен оқу жылында мұнда 1200 оқушы тәлім алыпты. Кең де жарық, сәулетті білім ордасына балалар тез бауыр басқан. Тіпті жазғы демалыс кезінде де зейінді шәкірттер мектепке жиі келеді екен.

Асылжан Амангелді, 10-сынып оқушысы:

- Мен жазғы демалыс кезінде осы 51 мектептің кітапханасына келіп кітаптар аламын. Мысалы осы жазғы демалысты пайдалы өткізейін деген мақсатта «Ұшқан ұя», «Оң қол» және «Болмаған балалық шақ» деген кітаптарды алған болатынмын. Қазіргі таңда екі кітапты аяқтадым. Енді «Ұшқан ұяны» оқиын деп жатырмын. Біздің мектепте барлық жағдай жасалған. 

«Келешек мектептері» жобасы бойынша бой көтерген білім ордасының ауданы типтік мектептерге қарағанда 20%-ға үлкен, техникалық жарақтануы 4 есе артық. Әсіресе робототехника кабинеттері мен STEM-зертханалары тың мүмкіндіктер сыйлайды. 

Жақсығали Жұмабай, №51 мектеп директоры:

- Барлық жағдай жасалған оқимын деген оқушыға және жұмыс істеймін деген ұстазға. Барлық сыныптар, коворкинг зоналар, спорт залы, акт залы, мектепте 78 сынып бар. Он сегіз арнайы сынып, физика, информатика, робототехника, STEM-кабинеттері және 20 бастауыш сыныбы бар.

«Келешек мектептері» жобасы аясында өңірде жалпы сыйымдылығы 8100 орындық 9 мектеп салу жоспарланған. Соның үшеуі тапсырылған. Тағы үшеуінің құрылысы жаңа оқу жылына дейін тәмамдалады. Ал қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Луара Батырғалиева, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы 9 мектептің барлығы облыстағы  3 ауысымды және апатты мектептердің мәселелерін шешу мақсатында салынып жатыр. Соның ішінде үш ауысымды мектеп көбірек Деркөл, Подстепное және Балауса шағын ауданындағы мектептер проблемасын шешкен болатын. Апатты жағдайда екі мектеп бар. Бөрлі ауданы Пугачев ол 300 орындық мектеп салынып жатыр. Ол іске қосылғанда апатты жағдайда мектеп шешілетін болады және Ақсай қаласындағы Ықсанов көшесінде 300 орындық мектеп салынып жатыр. №1 мектеп ол да апатты жағдайда.

Күні бүгін өңірде 17 мектеп апатты жағдайда деп танылған, ал 9 білім ордасында балалар үш ауысымда оқиды. Жыл соңына дейін тапсырылатын "Келешек мектептері" осы мәселенің түйіні оң шешілуіне септігін тигізбек. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz