Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылы 8 бірдей бастауыш мектеп жабылады, деп хабарлайды 24kz.
Білім басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, бұл оқу ордаларындағы бала саны бесеуден аспайды. Енді олар қайда барады?
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл – Петропавлдан 70 шақырым жердегі Қанжығалы ауылы. Бір кездері базары тарқамаған елді мекеннің қазіргі кейпі көңілге қаяу түсіреді. Биыл ат төбеліндей ғана ауылдың мектебі жабылғалы жатыр.
Биыл Қанжығалы ауылындағы бастауыш мектепті үш-ақ оқушы бітірді. Енді олар білімін аудан орталығында жалғастырады. Ал оқу ордасында биыл алғашқы қоңырау соғылмайды.
Гүлнәр Ыбыраева, Қанжығалы ауылының тұрғыны:
- Бұрын бізде бірінші 4 сынып болды. 8-сыныпқа дейін оқыды, балалар бізде көп болды. Екі ауысымда оқыды. Жастар енді ауылдан көшті. Осы көшкен соң енді кісінің саны да азайып жатыр. Сол себептен бала жоқ. Бала болмаған соң мектебіміз жабылып жатыр.
Енді бұл мектеп ауылдық әкімдіктің меншігіне беріледі. Ал, оқушылар 10 шақырым жердегі аудан орталығына қатынап білім алады. Ол үшін аудандық білім бөлімінен арнайы көлік бөлінеді.
Сайрамбек Жақыпов, Аққайың ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Жалпы осы Қанжығалы ауылында жасөспірімдердің саны 26 баладай бар. Олар барлығы өз оқуларын жалғастырып жатыр Смирнов мектеп-интернатында. Әртүрлі сыныптарда. Негізі бастауыш сыныптың оқушылары бұл ауылда жоқ.
Бұл бір ғана ауылдың жағдайы емес. Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында 14 мектеп жабылған. Ал, биыл 8 бастауыш білім беру ұйымына «қара құлып» салынады.
Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Бұл мектептерде 1 мен 4-сыныпта 5 баладан төмен бала оқып жүр. Егер де бірінші қыркүйекке дейін бұл мектептерде балалардың саны көбеетін болса, онда мектептердің жабылу мәселесі қайта қарастырылатын болады.
Өңірде жаңа оқу жылында 444 мектеп балаларға білім береді. Оның әрбір үшіншісі шағын жинақталған, яғни, оқушы саны жетіспейді. Сондықтан кей сыныптар жас ерекшелігіне қарамастан бірге оқуға мәжбүр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов
Тегтер #Солтүстік Қазақстан облысы #елді мекендер #мектептерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz