RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да білім саласына жұмсалған қаржы үш жылда 46% артты

27.08.2025, 21:34 441

Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 26 мектеп пайдалануға берілді.

3 білім ордасы «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерсе, жетеуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Ал 16 мектептің құрылысына қажетті қаржыны КПО компаниясы бөліпті. Одан бөлек қазір тағы 15 мектеп салынып жатыр. Бүгінгі өңір ұстаздарының тамыз мәслихатында атқарылған істер сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.

Апатты және үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешуде аймақта атқарылған іс аз емес. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 86 білім ордасына  күрделі жөндеу жоспарланған. Білім беруге қаралған қаражат 3 жылда 46% артып, 142 млрд теңгеден 207 млрд теңгеге жеткен. Яғни әр оқушының білім алуына 1,3 млн теңге жұмсалады. Қаралған қаржы мектептерді заманауи стандартқа сай жаңғыртуға, жаңа құрал-жабдықтар алуға бағытталыпты. Бүгінгі тамыз мәслихатында сөз алған облыс әкімі соның бәрі оң нәтижеге негіз қалайтынын атап өтті. 

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

-  Халықаралық PIRLS зерттеуінің нәтижесінде облысымыздың көрсеткіші республика бойынша 1 орында болуы да Батыс Қазақстан облысының білім жүйесінің жоғары бағаланғаны. Ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру – елдің болашағын айқындайтын ұлы міндет. Дені сау, парасатты, рухани бай тұлға тәрбиелеу – мемлекетіміздің іргесін берік ететін басты құндылық.

Орал өңірінде 379 мектепте 125 мың бала білім алады. Аймақтағы 6 білім ордасы еліміздегі ең үздік 100 мектеп қатарында. Бүгінгі тамыз мәслихатында сөз алған ұстаздар тәжірибе алмасып, ойларын ортаға салды. 

Дәурен Ғабдуллаев, оқулық авторы: 

- 7 сыныпқа арналған физика интерактивті оқулығы. Ерекшелігі QR, 3D, AR, VR технологиялары толық қамтылған. Себебі көптеген зертхана құрылғысы жеткіліксіз. Сол құрылғылар арқылы, зертханалық жұмыстарды өткізудің визуальды, виртуалды және қосымша жасанды интеллект технологиясын қолдану арқылы осындай интерактивті оқулық жасап шығарған болатынбыз.

Тамыз мәслихатында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген өңірдің үздік педагогтары марапатталды.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz