RU
Толық нұсқаға өту

Жапония үкіметі қазақ ғалымдарын марапаттады

30.08.2025, 20:00 608

Қазақстандық ғалымдар Жапония Үкіметінің мақтау қағазы мен медаліне ие болды.

Марапаттау рәсімі Осакадағы ЭКСПО халықаралық көрмесінде өтті.

Қазақстанның ядролық физика институты бұл марапатты жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторларды зерттеу еңбегі үшін алды. Ол рекаторлар  – төртінші буын атом электр станцияларының негізі болып саналады.  Жоба штаб-пәтері Астанада орналасқан халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қолдауымен және Жапония Үкіметінің қаржыландыруымен жүзеге асуда.

Саябек Сахиев, ядролық физика институтының бас директоры:

- 15 жыл зерттеп келген дүниелеріміз 1500 градусқа дейін болса енді бұл кісілер 1600 градусқа дейін отынды 4-атом электростанциясының отынды бізге тексеріп беріңізші өтініш жасап отыр. Бұл демек оны біз жасап болғаннан кейін егер оны кеміс-қателіктерін тауып берсек онда тағы да созылу мүмкін егер бәрі дұрыс болса онда менің ойымша айналдырған бір 2-3 жылдың ішінде 4-ұрпақтағы жаңа буындағы кішігірім кіші модульдық реактор салуды бастайды жапондар. Шынына келгенде егер дұрыс ұйымдастырып жүргізе білсе мүмкін сондай атом электростанция 4-ұрпақтағы өзіміздің Қазақстанда да пайда болуы мүмкін деген зор үмітім бар. 

Қазақстандық ядролық физика институтының жобасы ЭКСПО-дағы халықаралық ғылыми-техникалық орталық павильонында әлемдегі ең маңызды 12 ғылыми бастаманың қатарынан көрінді. Орталық Қазақстандағы ядролық зерттеулердің әлеуетін жоғары бағалады.

Карина Ангелиева, халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың атқарушы директоры:

- Халықаралық ғылыми-техникалық орталық елдер арасында, тіпті Қазақстан немесе Орталық Азиядағы институттар арасында да бәсекелестікке емес, альянстар мен желілер құруға, бірлескен оқу бағдарламаларын жасап, мамандар даярлауға тырысады. Негізінен біз дамыған елдердің білімін әлеуетін енді ғана арттырып келе жатқан мемлекеттерге, оның ішінде ядролық салаға жеткізуді қолдаймыз.

Масанори Когучи, Жапония ядролық энергетика агенттігінің президенті:

- Технологиялар мен кадрлар беру, мамандар алмасу Қазақстан үшін жаңа атом электр станциясын салуда өте пайдалы болмақ. 

Қазақстанның  ядролық физика институты мен Жапонияның атом энергетикасы агенттігі халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың жаңа жобасы аясында ынтымақтастықты жалғастырады. Енді екі ел ғалымдары жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлардағы уранның бөліну әсерін зерттеп көрмек.

Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz