Елімізде Дубайдың «Rochester» технология институты өз өкілдігін ашуы мүмкін. Білім ордасы тарапынан осындай бастама көтеріліп отыр. Бұл туралы университет жетекшісі Юсеф Әл-Ассаф арнамызға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды 24kz.
«Өндіріс 4.0» талаптары негізінде маман даярлауға көшкен оқу орны елімізбен әріптестік орнатып, бірлескен білім беру бағдарламасын да әзірлемек. Оның басым бөлігі – инженерия, ақпараттық технология, жасанды интеллект және робот техникасы мамандықтары.
Дубайда осыдан ширек ғасыр бұрын құрылған әйгілі Нью-Йорк технология институтының филиалында 2 мыңға тарта студент білім алады. Соның 100-ден астамы Қазақстаннан. Институт «Өндіріс 4.0» талаптарын толықтай негізге алған. Яғни, білім мен тәжірибені қатар ұштастырып, өндіріс саласының қыр-сырын үйретуге күш салады. Жасанды зерде, Big Data, интернет заттар сынды заманауи терминдерге жастайынан қанық жеткіншектер қатарында алматылық Бексұлтан мен Әлидар бар. Қос қазақстандық студент жат жерде алған білімін кәдеге жаратуға асық.
Бексұлтан Есалы, студент:
- Елімізде инженерлерге сұраныс көп. Соның ішінде өндірістік бағыттағы мамандар тапшы. Келешекте осы олқылықтың орнын толтырып, процестерді сапалы, жылдам және пайдалы етуге септігімді тигізгім келеді.
Әлидар Исаев, студент:
- Компьютер және ақпараттық технология. Қысқаша. Мақсатым – жақсы жұмыс табу. «Майкрософт», «Оракл», «Гугл» деген компаниялар бар. Сол жерде жақсы жұмыс тауып, қазақ елін танымал қылғым келеді.
Оқу орны жетекшілерімен Дубайдағы қазақ бас консулдығының өкілдері тұрақты байланыста. Тіпті таяуда тараптар өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылауға көшті. Әсіресе, бірлескен білім беру бағдарламаларын енгізу мен қазақстандық маман даярлау жайы күн тәртібінен түскен емес. Нәтижесінде Қазақстанда өкілдік ашу бастамасы көтеріліп отыр.
Юсеф Әл-Ассаф, «RIT» университетінің басшысы:
- Нью-Йорк және Дубайдағы «Рочестер» университеттерінің басшылығы Қазақстандағы оқу орындарымен бірлесіп, өкілдік ашу мәселесін қарастырып жатыр. Көп ұзамай ойлағанымыз іске асады деп ойлаймыз. Әріптестіктің бір бағыты инновациялық секторда көрініс табуы ықтимал.Орталық Азия аймағын қамтитын бір филиалымызға арнайы білім беру бағдарламасы әзірленеді.
Екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығына тың серпін беретін бастама алдағы уақытта егжей-тегжейлі талқыланады. Бұл іс қос тараптың жіті назарында. «Жоба жүзеге асса, еліміздің инженерия, ақпараттық технология, жасанды зерде, сондай-ақ роботты технология бағытындағы әлеуеті еселеп артады», - дейді мамандар.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #Біріккен Араб Әмірліктері #филиал #Дубай #технология
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz