RU
Толық нұсқаға өту

Елдегі бірқатар ЖОО су дипломатиясы магистрлерін оқытатын болды

09.09.2025, 18:47 538

Су саласы мамандарын даярлау да басты міндет. Өйткені елде білікті кадрлар жоқтың қасы. Енді Алматыдағы бірнеше университет су дипломатиясы магистрлерін оқытатын болды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл халықаралық құқық, дипломатия, экология және цифрлық технологияны біріктіретін жаңа мамандық. Трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, бөлу және оны қорғау жөніндегі келіссөздер мен мемлекеттердің бірлескен шешімдерін жүзеге асырады. Президент күні кеше халыққа арнаған жолдауында осындай тапсырма жүктеген еді.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Алматылық Алина Тұрғанбек – су дипломатиясы бойынша білім алып жатқан санаулы жастардың бірі. Өзі Сәтбаев университетінің инженерлік геология және гидрогеология мамандығын бітіріп шықты. Одан кейін жаңадан ашылған су дипломатиясы бойынша магистратураға оқуға түскен. Енді трансшекаралық өзен-көлдердің жағдайын зерттеп қана қоймай, көрші елдермен тіршілік нәріне қатысты келіссөз жүргізуді де меңгереді.

Алина Тұрғанбек, су дипломатиясы магистранты:

- Көктемде қар еріген кезде судың артықшылығы, яғни, су басып кету қауіптері болады және жазда қатты ыстықтың әсерінен сулардың булануынан бізде экологиялық судың жетіспеушілігі және апаттардың алдын алу мақсатында біз осындай сұрақтарға жауап іздеу үшін олардың құрамын, жерге сіңуін, қайдан келеді және қайда кетеді, қайда жиналады деген сұрақтарға жауап іздейміз.

Су дипломатиясы магистрін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де дайындайды. Биыл бір адам құжат тапсырған. География ғылымдарының кандидаты Шәмшагүл Маштаева климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсері мен гидрологиялық болжамды 40 жылға жуық зерттеп келеді. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқытушы. Осында әріптестерімен бірге су дипломатиясы бойынша магистрлік бағдарламасын жасауға атсалысты.

Айтуынша, қазіргі өзен, көлдерге қатысты халықаралық деңгейде мәселе шешіп жүрген мамандарда су ресурстары жөнінде базалық білім жоқ. Ал, магистратура соның орнын толтырады.

Шәмшагүл Маштаева, География ғылымдарының кандидаты, су дипломатиясы жобасының үйлестірушісі:

- Біздің биылғы дайындаған су дипломатиясындағы оқу бағдарламасы тек Қазақстанға арналған. Өзіміздің мамандарды дайындаймыз. Тағы айтып өтетін жағдай, Еуроодақтың Еразмус деген бағдарламасы бар, соған конкурсқа беріп, су дипломатиясын дайындау бойынша жобаны ұтып алдық. Айырмашылығы не десеңіздер, Еразмус бағдарламасында Орта Азия мемлекеті бойынша гидрологиялық су дипломатиясына магистранттар дайындау, оған бізде екі серіктес бар. Өзбекстаннан екі университет, Қазақстаннан екі университет.

Су дипломатиясы магистріне гидролог, ирригация, суды жабдықтау мамандарымен қатар экономист, саясаттанушы, халықаралық құқық бойынша білім алғандар да түсе алады. Болашақ магистрлерді География және Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары бірлесе дайындайды.

Гүлнара Байкүшікова, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы:

- Су дипломатиясы қақтығыстардың ықтималдығын азайтады. Бұл тек мемлекетаралық деңгейдегі келіссөздер ғана емес, сонымен қатар суды әділ және ашық басқаруға мүмкіндік беретін бірлескен технологияларды, жобаларды, цифрлық платформаларды әзірлеу. Бүгінгі таңда су тапшылығы жаһандық сынаққа айналғанда, бұл ұдайы дамудың, азық-түлік қауіпсіздігінің және аймақтық тұрақтылықтың кілті болып отыр.

Қазақстан үшін су дипломатиясы кадрларын даярлау – стратегиялық қажеттілік. Елімізде 20-дан аса трансшекаралық су көзі бар. Олардың дені көрші елдерден бастау алады. Сондықтан суды бөлу және пайдалану мәселелері қауіпсіздікке, экономикалық дамуға және тіпті әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей байланысты. Осы мақсатта ел мүддесін сауатты келіссөз жүргізушілер мен сарапшылар, яғни, су дипломатиясының мамандары қорғайды. Сондықтан болашақта осы мамандықты меңгеретін жастардың саны да артатыны сөзсіз.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz