Атырауда жаңа оқу жылында ашылған келешек мектебінде бүгін ашық есік күні өтті, деп хабарлайды 24kz.
Ата-аналар жаңа білім ордасына барып, оқу процесімен және заманауи мектептің инфрақұрылымымен танысты. «Бұл іс-шара ата-ана мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - дейді мектеп басшылығы.
Ашық есік күнінде ұстаздар ата-аналарды ерекше қарсы алды. Мұғалімдер бортсерік ретінде әр ата-анаға ұшақ билетін үлестіріп, мектепке кіргізді. Алдымен қауіпсіздік жүйесімен танысып, әрі қарай білім ордасының асханасын көрді. Кейін заманауи құрылғылармен жабдықталған кабинеттерді аралады.
Өтеген Мұрынов, қала тұрғыны:
- Бимен айналысатын, еңбекке арналған арнайы кабинеттер бар екен. Қыз балаға, ұл балаға арналған кабинеттер, бәрі өте ұнады барлық жағынан да. Асханалар да үлкен, кең.
Самал Қоржықбаева, №48 мектеп директорының орынбасары:
- Ашық есік күнінің жалпы мақсаты – мектептің барлық жұмыстарын жүргізіп жатқан ата-аналардың назарына жеткізу, ашық сабақтарды көрсету. Жалпы мектептің тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан шара.
Келешек мектебінде оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блокта білім алады. Мүгедектігі бар балаларға арналған жеделсаты жұмыс істейді. Қазір білім ордасында 1304 бала оқып жатыр. Оларға 100-ге жуық мұғалім сабақ береді.
Орынгүл Қуандықова, №48 жалпы орта білім беретін мектеп директоры:
- Химия, биология, физика, география кабинеттері арнайы зертханалық құрал-жабдықтармен, арнайы кабинеттермен, балалардың оқу үрдісіне көре отырып, практикалық-зертханалық жұмыстарды жасау мақсатында барлық құрал-жабдықтармен жасақталған. Орыс тілі, ағылшын пәндері, информатика пәндері, оларға арнайы бөлінетін топтық кабинеттер жасақталған.
Өңірде оқу жылының екінші тоқсанында осындай 3 «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі. Тағы 3 білім ордасы жыл соңында ашылады. Олар Жылыой және Құрманғазы аудандарында салынып жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов
Тегтер #Атырау #Келешек мектебі #Ашық есік күні #ата аналарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz