RU
Толық нұсқаға өту

Атыраулық мұғалімдер сабақ барысында ЖИ көмегіне жүгінеді

01.10.2025, 20:36 412

Атыраулық мұғалімдер сабақ барысында цифрлық технологияларға жүгіне бастады.

Мысалы, Ақжар елді мекеніндегі №44 мектеп-гимназияда лабораториялық зерттеулерді жасанды интеллект жасайды. Бұл жұмысымызды жеңілдетіп, оқушылардың сапалы білім алуына да жаңа серпін берді, дейді мұғалімдер. 

Мына виртуалды мұғалім оқушыларға физика заңдарын түсіндіріп жатыр. Бұл Самал Махамбетованың балаларға сабақ беруде қолданатын ерекше әдісі. Ол өз уақытын үнемдеп, цифрлық технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Айтуынша балалардың зейінін ашуда жасанды интеллектінің көмегі көп. 

Самал Махамбетова, физика пәнінің мұғалімі:

- Оқушыларға физикалық құбыластарды түсіндірген кезде құбылыстарды оңай әрі терең түсінуге мүмкіндік алады. Жасанды интеллекттің көмегі өте көп. Тапсырмалардың жауаптарын автоматты түрде өзі шығарып, тексеріп береді. Сол кезде біз уақытты тиімді пайдаланамыз және зертханалық жұмыстарда біз виртуалды зертханаларды, бағдарламаны пайдаланамыз. 

Жасанды интеллект биология сабағында да қолданылады. Цифрлық технология түрлі зертхана құралдарының орнын алмастырған. Оқушылар осы интерактивті тақта көмегімен зерттеулер жүргізеді. 

Сәбина Жолдағалиева, биология пәнінің мұғалімі:

- Жасанды интеллектті қолдануға арналған әр түрлі бізде платформалар бар. Сол платформалар арқылы оқушыларға сабақтың процесі түсіндіріледі. Виртуалды лаборатория бізде қазір кезде өзекті нәрсенің бірі. Яғни лабораториялардың құрал-жабдықтарын оқушыларға виртуалды түрде көрсету арқылы осындай жұмыстарды жүргіземіз.

44-ші мектеп-гимназиясында оқушылардың жан-жақты дамуына айрықша көңіл бөлінеді. Былтыр ашылған білім ордасында «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы», «Жас тілші» секілді үйірмелер бар. «Құралайды көзге айтқан» мерген Мөлдір Мадиярова жуырда республикалық байқауда жүлде еншілеп, облыс намысын абыроймен қорғады. 

Мөлдір Мадиярова, оқушы:

- Осы спорт түрінде бізде тек қана физикалық дайындықты үйретпей, бізге психикалық тұрақтылықты да және төзімді де үйретеді. Оқушыларда патриоттық сезімді оятып, отансүйгіштікке баулиды.

Мектеп басшылығы ұрпақтар сабақтастығын да назардан тыс қалдырған емес. Ардагер ұстаздармен жиі кездесулер өтеді. Олар жастарға жол көрсетіп, білген-түйгенін үйретеді.

Жібек Серікбаева, ардагер ұстаз:

- Қазіргі білім беру жүйесі мен бұрынғы білім беру жүйесінің арасында көп айырмашылық бар ғой. Қазір балалар да жан-жақты. Мұғалімдері креативті. Жас мұғалімдер, жақсы мұғалімдер. Енді біздің кезімізде біздің көрнекі құралдарымыздың бәрі қолмен жасалатын. Өзіміз суреттерді салып, соны қиып. Қазір бәрі техникаландырылған ғой. 

Оқушылар облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. 900-ден аса оқушыға 100-ге тарта мұғалім сабақ береді. Әр баланың жетістігінің артында ұстаздардың еселі еңбегі жатыр. 

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz