RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда әйелдерге арналған SANA - 1 ғарыш сынағы басталды

03.10.2025, 13:36 855

Қазақстанда алғаш рет әйелдерге арналған "SANA - 1" ғарыш сынағы басталды.

4 әйелден құралған экипаж арнайы жасақталған кампуста көктегі кеңістіктегідей зерттеу жүргізеді. Олар 10 тәулік бойы ғарыш кемесінің жердегі үлгісінде болады. Бұрын - сонды болмаған бірегей жобаны кімдер іске асырады.

Бұл аумақ ғарыш әлемінің жердегі баламасы іспетті. 10 күн бойы қыздар осы жерді тұрақ етеді. Арнайы үлгіде жасалған модульде асхана, жатын орын, жуынатын бөлмесі бар. Әйелдер экипажы мұнда эксперименттің нақты тапсырмаларын орындап, зерттеу жүргізеді. 

Алина Гуторева, ғылыми бағдарламаның жетекшісі:

- Біз бұл ғылыми тәжірибеде, жер үстіндегі капсула арқылы қатысушылардың ғарыш жағдайындағы денсаулығын зерттейміз. Әр қатысушыға берілген тапсырмалар негізінде, олардың психологиялық күйзеліс деңгейі мен команда мүшелерінің бір біріне деген қарым қатынасын зерделейміз. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы зерттеу, жобасы. Біздің мұндағы миссиямыз өте жауапты  болып тұр. 

Ғарышқа ұшу тәжірибесіне қатысушы қыздар арнайы таңдап алынған. Іріктеу жабық түрде өтіп, 15 қатысушының денсаулық жағдайы, спорттық дайындық деңгейі мен психологиялық жәй-күйі бағаланыпты. Экипаж мүшелері мамандардың қатаң бақылауында болады. Ғарыш кеңістігінде кездесетін түрлі сынақтарды енсеруге машықтанады. 

Дарья Комарова, ғарышқа ұшу тәжірибесінің қатысушысы:

- Бізде бұл жерде кәнігі ғарышкерлер сияқты арнайы жұмыс кестесі бар. Белгіленген тәртіппен жүреміз. Таңғы 6-дан күніміз басталады. Жаттығу-шынығу бар, дәріс тыңдаймыз. Кейін әрқайсымыз өз саламыз бойынша жұмыс істейміз.  

Елімізде бұрын-сонды болмаған бірегей жоба ұлттық ғарыш орталығында іске асырылады. Бастама ғарышкер Айдын Аймбетовтің ұсынысымен әзірленген.

Алан Қазкенов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі - Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:

- Ғарыш саласында білікті мамандар көп болу үшін біз үнемі сынақ өткізіп тұру керекпіз. Бізде қазіргі таңда 3 ғарышкер және олар орындаған 5 ғылыми бағдарлама бар. Ғылыми зерттеудің алтыншы бағдарламасын жасап шығару үнемі пысықталып жүрген. Енді міне бастаманы іске асырдық. Ел тарихында алғаш рет төрт ғарышкер қыздан тұратын экипаж құрылды. 

Маңызды жоба болашақ ғарышкерді психологиялық, медициналық және инженерлік тұрғыда дайындайды. Қыздар ғарышқа ұшпаса да көктегі кеңістікті көзбен көргендей әсер қалдырады дейді мамандар. Мұндағы мақсат та сол. Ғарыш саласына әйелдерді көптеп тарту. 

Кәмшат Мұхамеджан, Ғалымжан Әбділахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz