RU
Толық нұсқаға өту

Өнегесімен үлгі болған мұғалім

03.10.2025, 15:00 367

Талдықорғанда тұратын 74 жастағы ардагер ұстаз әлі күнге дейін волейболдан жарыстарға қатысып, қыста шаңғы тебеді.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі осылайша өз өмірі арқылы жастарға үлгі көрсетіп келеді. Салауатты өмір салтын ұстанған қарияның балалары мен немерелері де ұстаздық жолын таңдаған.

Жұмабек ақсақал саналы ғұмырының 40 жылдан астамын ұстаздық етуге арнады. Ол өз жұмысын өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтатын ұлағатты мамандық деп біледі.

Жұмабек Рамазанов, ардагер ұстаз: 

- Спорт деген бұл тәрбие бір жағынан. Одан кейін денсаулығы. Мен айтам тәрбиелі адам білімді болады. Тәрбиені бірінші орынға қою керек. Содан кейін барып білім. Сөйтіп, тәрбиеледік қой. 75 жылдан бері балалармен бірге болып келдім. Қазір мен өкінбеймін ұстаз болғаныма. Соған қуанамын. Қазақ балаларының жақсы болғанына қуанамын. 

Ардагер ұстаз спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Қыста шаңғы тебеді. Одан бөлек теннис ойнап, волейболдан зейнеткерлер арасында өтетін жарыстарға қатысады. Спортқа жаны құмар қарияның жолын бүгінде немересі жалғастырып келеді. 

Айбол Сағымбеков, немересі:

- Атам бізге жастайымыздан үлгі болды. Спортқа келуімізге бірден бір себепкер кісі осы кісі болды. Енді осы кісінің ізін жалғап спорт саласына келіп отырмыз. Әлі күнге дейін балалармен қалай жұмыс істеу керек. Барлық жағынан ақылын айтып көмектесіп отырады.  

Жұмабек атаның жары Сарби апа да ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етті. Ұстаздар отбасы жеті бала өсіріп, үшеуін мұғалімдікке баулыды. Бір ұлы ғылым докторы атанып, бүгінде жұмысшы мамандарды оқытатын колледжге жетекшілік етеді.

Санат Рамазанов, колледж директоры: 

- Бізде хаус мастер мамандығы ашылды. Былтыр архитектор мамандығы ашылды. 406 студент оқиды. 10 мамандық бойынша дайындалады. 100 пайыз жұмыспен қамтылады түлектер.  

Жұмабек қария Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған. Ақсу ауданының құрметті азаматы. Бұл Жаңалық және Көкжайдақ ауылдарындағы мектепте ұстаздық еткен еселі еңбегінің жемісі.

Жұмабек Рамазанов, ардагер ұстаз:

- Ол кезде спортзал жоқ. Далада балалармен бірге жүріп жасаймыз. Мысалы, қол добын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары далада болды. Сол жерде дайындап шығардық балаларды. Өзімнің баламнан кем көрген жоқпын оларды. Солар тәрбиелі, білімді азамат болса екен деп армандаймыз. Сол арманыма жеттім деп ойлаймын.  

Салауатты өмір салтын ұстанатын ұстаз жастарға тұрақты түрде спортпен шұғылдану қажеттігін үнемі айтып отырады. Себебі дені сау, тәртіп пен білімді қатар ұстанған азамат қана ел тірегі болады, дейді қария.  

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz