RU
Толық нұсқаға өту

Мұғалімдер әулетінің ұлы жолы

03.10.2025, 15:09 438

Павлодар облысында да ұлағатты ұстаздар әулеті аз емес.

Солардың бірі білім саласында еңбек өтілі 250 жылға жуықтаған Әбдірахмановтар әулеті. Талай шәкіртке жол ашып, өмірлік бағыт-бағдар берген ұстаздардың ұрпақтары да осы жолды таңдаған.

Индира Арынғазинова мен Әсем Сыздықова бір әулеттің ұстаздық дәстүрін абыроймен жалғастырып келе жатқан ұстаздар. Атасы, әжесі және әкесі саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. Ұлағатты ұстаздар әулетінде тәрбиеленіп, бала кезден бұл жолдың мәні мен маңызын терең ұғынған жан үшін басқа мамандық таңдау мүмкін болмаған.

Индира Арынғазинова, мектеп директорының орынбасары: 

- Мектептің өмірі маған бала күнімнен таныс. Оқушылардың атам мен әжемді қалай құрметтегенін көріп өстім. Ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Себебі бұл менің таңдаған мамандығым ғана емес әулетіміздің өнегелі дәстүрін ары қарай абыроймен жалғастыру. 

Ағылшын тілінің мұғалімі Әсем Сыздықова Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөзі бүгінгі күнге дәл келетінін айтады. Интерактивті тақта, ғаламтор, жасанды интеллект. Оқушы үшін мүмкіндік мол. Сондықтан ұстаз да үнемі ізденісте жүруі керек, дейді ол. 

Әсем Сыздықова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Талғамдары биік қой, олар әртүрлі салада өздерін көрсете алады. Бұрынғыдай бір жақты бола алмайды. Мұғалімдер соған лайық болуы керек, соған тырысып, білімдерін жетілдіріп, осы заманға сай қадам басу керек деп ойлаймын. 

Бәсекелестікке толы заманда ұстаздарға қойылар талап жоғары. Оған төтеп беру әркімнің қолынан келе бермейді. Осындай сәттерде Әсем ұстаздық жолда 50 жыл бойы табанды еңбек еткен атасы, әжесі мен әкесінің өнегелі өміріне көз жүгіртеді. Қос ұстаз өз ортасында сыйлы.

Бағлан Кәмиева, мектеп директоры:

- Ұрпақ сабақтығын жалғастырып, ата-анасы, ата-әжесінен алған тәлім-тәрбиені шәкірттерінің бойына дарытып жүр. Мен апалы-сіңлілі екі әріптесімді  өз ісіне шын берілген, тәжірибелі маман ретінде қадірлеймін және үлгі тұтамын. Ұжымда сыйлы, балалармен  жақсы қарым-қатынаста жұмыс істейді.

Ұстаздар әулеті – жүздеген шәкірттің жүрегіне білім нәрін сеуіп, санасына сәуле шашқан ұлағат иелері. Олардың адал еңбегі мен өнегелі өмір жолы болашаққа бағыт берер темірқазық іспетті. Ең бастысы, ұрпақ сабақтастығы үзілмей, ұстаздық дәстүр жалғасын тауып келеді.

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz