RU
Толық нұсқаға өту

Қызылордалық мұғалім кітап оқуға қызықтырудың ерекше жолын тапқан

04.10.2025, 19:29 1448

Қызылордалық ұстаз балаларды кітап оқуға қызықтырудың ерекше жолын тапқан.

Ол мектеп жанынан театр үйірмесін ашып, оқушыларға әдеби кейіпкерлердің образын сомдатып жүр. Үйірме бүгінде кәсіби театр ұжымдарымен бірлесіп бірнеше қойылымды сахналап үлгерген. Ұстаздың айтуынша, бұл әдіс шәкірттердің ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырады.

Сәуле Жолшараева 30 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Тәжірбиесі мол ұстаз сабақты ерекше әдіспен оқытады. Ол үшін мектеп жанынан театр үйірмесін ашқан. Оның актерлері – оқушылар. Балалар көркем шығармалардың кейіпкерлерін өздері сомдайды.   

Сәуле Жолшараева, мұғалім: 

- Кітап оқуды көтеру ең бірінші театр жобасынан басталады десем, қате айтпаған болар едім. Өйткені бала рөлді сомдау үшін ең бірінші көркем шығармадан үзінді жаттауға тура келеді. Екінші, кей жағдайда сол көркем шығарманы толық оқуға міндетті болып есептеледі. Бала рөлді сомдаймын, рольді ойнаймын деп жүріп, көркем шығарманы қалай оқығанын білмей қалады. 

Сценарист те, режиссер де  Сәуле Жолшараеваның өзі. Балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беру үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді,-дейді әріптестері.

Айжан Әлімова, мектеп директоры:

- Бұл жерде оқушылар грамматиканы терең меңгерумен қатар, әдебиетке деген сүйіспеншілігін, театрға деген құрметін арттыру мақсатында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Былтырғы оқу жылында оқушылар Сәуле Жақыпбекқызының арнайы жазған сценариі негізінде «Жалғызға сынақ», «Дос» қойылымдарын қойды. Және біз Жастар театрымен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз.  

Үйірме жастар театрымен де тығыз байланыс орнатқан. Оқушылар кәсіби актерлермен бір сахнада өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленіп те жүр. 

Болат Кеңесбай, оқушы: 

- Қазіргі кезде балалар көбісі кітап оқыған кезде дұрыс түсінбейді. Көзге елестете алмайды өйткені. Ал қазір біз осы спектакльдер қойып жатырмыз, талай. Жарыстарға шығып жатырмыз. Бұл кезде бала есте сақтау қабілеті жақсы болады. 

Нұрмат Мансұр, жастар театрының директоры: 

- Біз осы №211 мектеп театр үйірмесімен Жастар театры бірлескен жоба жасап, «Сезімді қайтейін» деген спектакль дайындап, екі күн қатарынан Асқар Тоқмағанбетов мәдениет үйінде халыққа ұсындық. Жақсы, талантты балаларымыз өсіп келе жатыр. 

Әдебиет – тұнып тұрған образ. Бүгінде театр үйірмесіне қатысушы балалардың бойынан ізгілік пен рухани кемелденуді байқап, іштей қуанамын, дейді ұстаз. 

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz