Эстония цифрландыру үрдісін 30 жыл бұрын бастап кетті. Нәтижесінде мемлекет инновациялық тұрғыдан өркендеп, сандық жүйеге негізделген үкімет һәм қоғам құрды. Осы жаңа технологиялар енгізудегі тың тәжірибесін Эстония президенті Алар Карис Назарбаев Университетінің студенттерімен бөлісті.
Саясаткер дәріс оқып, жаһандану кезеңіндегі білімнің маңызына тоқталды. Әрине, технологияны тілге тиек еткен соң нейрожелі де назардан тыс қалмады. Президент жасанды интеллектінің оқу үрдісіне тигізер әсерін баяндады. Одан бөлек қос мемлекет арасындағы тарихи және мәдени байланыстарға тоқталды. Астана мен Таллин ғылыми инновациялық шешімдер арқылы жастарды даму үдерісіне дайындау қажеттігін алға тартты. Қазақ студенттері де сауалдарын қойды. Әңгіме мемлекеттік саясат, жасанды интеллект бағыттарында өрбіп, Алан Карис жастарға ақыл-кеңесін бөлісті.
Алар Карис, Эстония Республикасының президенті:
- Біз цифрландыру үрдісін 30 жыл бұрын бастадық. Студенттеріміз жасанды интеллектіні қолдану тәсілдерін критикалық ойлау және критикалық оқытумен бірге меңгеріп жатыр. Әрине, алдымен мұның заңнамалық тұрғыдан реттелгенін де айта кету керек. Өйткені бірнеше тілде қызмет көрсететіндіктен, кейбір құқықтық мәселелердің туындайтыны анық. Бірақ біз олардың бәрін еңсереміз деген ойдамын.
Қазақстан мен Эстония арасындағы ғылыми байланыс беки түседі. Эстония басшысы екі елдің жетекші жоғары оқу орындары басшыларының және жауапты министрлік өкілдерінің басын біріктірген ректорлар форумында бой көрсетті. Шара нәтижесінде Эстонияның 6 жоғары оқу орнымен екіжақты меморандумға қол қойылды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Тұңғыш рет үкіметаралық деңгейде біздің министрлігіміз және Эстонияның Ғылым және білім министрлігінің арасындағы арнайы келісімшартқа қол қоямыз. Бұл енді біздің университеттеріміздің арасында студенттермен алмасу, академиялық ұтқырлық, ғылыми зерттеулермен айналысуға мүмкіндік береді. Орта білімде де Эстониядан үйренетін нәрселеріміз бар. Өздеріңізге мәлім, мына Пиза халықаралық үлкен зерттеулерде Эстония дәстүрлі түрде ТОП-5 кіреді.
Тегтер #Эстония #студенттер #Назарбаев Университеті #Алар Карис #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz