Қазақстанның ұлттық суперкомпьютері Alem.Cloud дүниежүзі бойынша ең қуатты есептеу жүйелері рейтингінде 86-шы орынды иеленді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл тізімге HPL стандартымен тестілеуден өткен, халықаралық деңгейде мойындалған кластерлер ғана енгізіледі. Платформа Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» базасында құрылған.
Суперкомпьютер – цифрлық егемендікке жасалған маңызды қадам. Әлемдік рейтингте алғашқы жүздікке ілінген Alem.Cloud платформасы – Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең озық есептеу кешені. Ал 103-ші орынға тұрақтап, үздік нәтиже көрсеткен екінші отандық жүйе – AI-Farabium. Жалпы әлемдік тізімде АҚШ, Германия, Жапония сынды алпауыт елдер көш бастап тұр.
TOP-500 тізімі
1. El Capitan - АҚШ
2. Frontier - АҚШ
3. Aurora - АҚШ
4. JUPITER Booster - Германия
5. Eagle - АҚШ
6. Supercomputer Fugaku - Жапония
86. Alem.Cloud - Қазақстан
103. AI-Farabium - Қазақстан
«IT саладағы елеулі жетістіктердің нәтижесінде бүгінде Қазақстан цифрлану деңгейі жоғары жетекші 30 елдің қатарында. Бұл елдегі цифрлық инфрақұрылымның жаһандық деңгейдегі орнын көрсетеді», – дейді мамандар.
Абылайхан Тастанбеков, сарапшы:
- Еліміздің ТОП-100 суперкомпьютер қатарына кіруі бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл тоқтайтын дүние емес. Себебі жасанды интеллект технологиялары – ол бүгінгі тренд емес, келешектегі тренд. Бұрынғыдай стандартты, көп уақыт құртатын, жүйелі зерттеулер қазір жылдам әрі сапалы шығады. Ол кез келген бағытта. Биомедицина, жаратылыстану, климаттық зерттеулер, деректерді сақтау және өңдеу, предикшн прогноз жасау технологиялары бәріне оңай әрі қолжетімді болады.
Тұғырнама ресурстары бүгінде заңды тұлғаларға қолжетімді. Атап айтсақ, мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру ұйымдары, стартаптар, жеке компаниялар мен Astana Hub резиденттері деректерді пайдалана алады. Әлем клоуд платформасында қажетті баптауларды есептеп, құнын шығаратын арнайы калькулятор қарастырылған. Әр өтінім заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Ұлттық суперкомпьютер есептеу ресурстарының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Қызметтер тәулік бойы қолжетімді, деректер резервтік көшірмелермен қорғалған.
Нұрбақытбек Саясат, ҚР ЖИЦДМ Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитеті Жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту басқарма басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл жоғары өнімді есептеу қуаты болып табылатындықтан, кез келген міндетті тез арада жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде ғылыми техникалық жобаларды атап айтсақ болады. Немесе жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді атап өтсек болады. Соның арқасында бұл тез жұмыс жасауға, тез ақпараттарды алмасуға мүмкіндік береді. Соның арқасында біз лезде ақпараттарды өңдей отырып, қажетті сервистерді, жасанды интеллект негізіндегі сервистерді жүзеге асыра аламыз. Ол барлық салаларда қарастыра аламыз. Математикалық есептеулерден бастап, жоғары өнімді зерттеу жұмыстары, яғни болжамды зерттеу жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Суперкомпьютердің күшін қарапайым мысалмен түсіндіріп көрейік. Адам бір кітапты орташа есеппен 7 күнде оқып бітеді. Ал бұл құрылғы бір аптада 500 мың кітапты талдап, әрқайсысының мазмұнын айтып бере алады. Бұл құрылғының зерттеу жүргізуде тиімді әрі жылдам екенін көрсететін ең қарапайым мысал. Енді цифрларға үңілсек. Мынау біз күнделікті қолданып жүрген жұмыс компьютері. 4-8 ядролы мұндай техникалардың мықтысы секундына 1 млрд операция орындай алады. Ал ең мықты суперкомпьютер секундына 1 квантилион операция жасайды.
Айта кеткен жөн, елде бірқатар жоғары оқу орындарының қабырғасында кішігірім ғылыми жобаларға арналған есептеу құралдары бар. Бұл оқытушылар мен студенттердің жұмыстарын жеделдетуге көмектеседі.
Абылайхан Тастанбеков, сарапшы:
- ЖИ технологиясын зерттеу үлкен ресурсты талап етеді. Оның ішінде тек қана ақшалай емес, сонымен қатар техникалық ресурстар. Әлем клоуд біздің ЖОО үшін осы барьерді өтіп кетуіне үлкен септігін тигізеді. Атап айтатын болсақ, үлкен деректерді өңдеу біздің қалыпты технология университеттің базасында ұзақ уақытты алатын болса, әлем клоуд базасында ол өте жылдам әрі сапалы болады.
Суперкомпьютердің мемлекеттік қызметкерлерге, компаниялар мен корпорацияларға пайдасы орасан. Тіпті кез келген видеоны, көшедегі жол-көлік оқиғасын жүктесеңіз, бірер секундта хаттама әзірлеп, әрі қарай не істеу керегін көрсетеді. «Бұл ғылым, өндіріс, білім мен мемлекеттік басқаруда серпіліс жасайтын құрал», – дейді сарапшылар.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ақылбек Есімсеитов, Сержан Нарешов
Тегтер #суперкомпьютер #жасанды интеллект #цифрландыру #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz