RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда мектептерде тарих апталығы өтті

13.12.2025, 15:36 441

Тәуелсіздік күні қарсаңында Павлодар қаласының мектептерінде тарих апталығы өтті. Викторина, пікірсайыс алаңдары мен сурет көрмелері ұйымдастырылып, оқушыларға Тәуелсіздік туралы мол мағлұмат берілді. Осындай танымдық шараның бірі облыстық «Жас дарын» мектеп-лицейінде өтті.

Өнер мен білімге құштар оқушылар тарих апталығында  жоғары белсенділік танытты. Олар ғылыми жобалармен айналысып, республикалық олимпиадаларда жүлделі орынға ие болып жүр. Солардың бірі — «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісінің иегері Камила Әубәкірова.

Камила Әубәкірова, оқушы:

- Мен Тәуелсіздік күнін ең алдымен, отбасыммен қарсы аламын. Әулет болып дастархан жаямыз. Тәуелсіздік күнін бірлікте өткізу – үйіміздің ең берік дәстүрі. Тәуелсіздік төсбелгісі төрт әртүрлі бағытта өзін жақсы көрсете білген, жетістікке жеткен оқушыларға беріледі. Менің бағытым бұл ғылыми зерттеу жұмыстары.

Ал Әли Әлібек көркемсөз оқуда шеберлігімен танылды. Ол болашақта журналист болуды армандайды. Махамбет және Мағжан оқуларының жүлдегері атанған Әли республикалық жобаларда да үздік нәтиже көрсетті.

Әли Әлібек, оқушы:

- Мектебімізде Тәуелсіздік күніне арналған шара өтіп жатыр. Осы іс-шараға сақадай сай болып дайындалдық. Өлең жаттадық, пікірсайысқа дайындалдық. Ал негізі өзімнің Тәуелсіздік туралы ұғымым терең, себебі Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Тәуелсіздік бізге үлкен мүмкіндіктер береді.

Қала мектептерінде ұлттық-патриоттық шаралар тек 16-желтоқсанмен шектелмейді. Жыл бойы жалғасатын ерекше жобалар бар.

Жұлдыз Асайынова, «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі директорының орынбасары:

- Мектебімізде «Отаныма арнаймын» деген жоба бар. Ол жобада оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер бірлесіп, өзіміздің жаңағы еліміздегі, Павлодар облысындағы ақындар мен әншілердің сөздеріне жазылған әндерді орындайды. Соған бейнебаян түсіріледі.

Тарих апталығы оқушылардың пікірталас сайысымен қорытындыланды. Үздік өнер көрсеткен шығармашыл жастар арнайы  марапаттарға ие болды. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz