Көптеген білікті маманды тәрбиелеген «Хабар» агенттігінің төл жобасы биыл жаңа форматта қайта жарық көрді.
Шешендер мен тапқырлар алаңында жоғары оқу орны студенттері бақ сынайды.
«Азамат» тележобасының екінші іріктеу кезеңіне ақтөбелік студенттермен қатар Атырау, Ақтау және Орал қалаларынан жастар жиналған. Сайыстың ережесіне сай үміткерлер ұсынылған тақырыпты жан-жақты талқылап, қысқа сауалнамаға жауап беруі тиіс.
Жұлдызай Рахметқызы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті:
- "Азамат" бағдарламасына алғысымды білдіргім келеді. Себебі осы бағдарлама арқылы қазіргі жастардың арасында пікірсайыс, сыни ойлай, өзіңнің ойыңды белгілі бір тақырыпта жеткізу өте жақсы дамып жатыр. Ал енді бүгінгі іріктеуге келетін болсақ, ішімде үлкен қобалжу бар. Себебі мықты-мықты дебатерлер келген. Осы іріктеуден өтудің өзі мен үшін жетістік болатын еді.
Мұндай іріктеу кезеңдері еліміздің 5 өңірінде өтеді. 500-ге жуық студенттің арасынан ойын саралап, дәлелді дәйегімен жеткізіп, тыңдарманды сендіре алатын үздік спикерлер «Азамат» тележобасының түсіріліміне жолдама алады.
Аяулым Айткен, "Азамат" жобасының продюсері:
- 64 студент 32 университеттен іріктеліп алынып, "Азамат" интеллектуалды телевизиялық жобасына қатысады. Бұл жердегі басты талап интеллектуалдық жоғарылық білімділігі, дебаттың клубтарына тіркеліп, дебаттан хабардар болалар болуы. Бұл жерде біз енді студенттердің саяси көзқарасын қалыптастыру, білімділігін арттыру, араторлық шеберлігін дамыту мақсатында жасалып жатқан ірі жобалардың бірі.
«Азамат» бірегей жобасы «Хабар» арнасының төл туындысы. Шешендік өнер мен сыни ойлауды дамытуға ықпал еткен интеллектуалдар алаңы жүздеген таланттың жолын ашты. 15 жыл үзілістен кейін көгілдір экранға қайта оралған бағдарламаның алғашқы маусымында Батыржан Сапарғали қола жүлдеге қол жеткізген.
Батыржан Сапарғали, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті:
- "Азамат" жобасы жастар үшін өте үлкен мүмкіндік. Зияткерлік сайыста адамға танылу ретінде әрі тағы бір ерекшелігі ізденіс және тағы басқа білімді арттыру бойынша көмек береді.
«Азамат» интеллектуалды теледебат бағдарламасының 2-маусымы келер жылдың наурыз айында түсіріледі. Жобаға ҚР Парламенті Мәжілісі, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктері қолдау көрсетті.
Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов
Тегтер #Ақтөбе #іріктеу кезеңі #Хабар агенттігі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz