RU
Толық нұсқаға өту

Оқушының ғылымға қызығуын арттыратын стартап жоба ұсынылды

13.01.2026, 10:21 309

Отандық IT мамандар оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыратын стартап жоба ұсынды.

CYBERPACK.AI (Сайберпэк.ЭйАй) - мобильді қосымша, веб-платформасы және арнайы физикалық жабдықтары бар экожүйе. Бүгінде Астана, Орал, Шымкент және Атырау қалаларындағы бірқатар мектепте қолданылып жатыр.

CYBERPACK - мектептерге арналған инновациялық STEAM экожүйе. Бұл ғылым, технология, инженерия, математика сынды салаларда оқушыларды дайындап, олардың ғылыми портфолиосын қалыптастырады. 

Сабыржан Мустафин, CYBERPACK.AI компаниясының негізін қалаушы:

- Қазіргі уақытта бұл үлкен мәселе. Статистика бойынша көп гос, жеке меншік мектептерде мектептің ғылыми портфолиосы 2-3 пайыз ғана. Яғни мың баланың 10, 15, 20, 25 оқушысы ғана ғылыми жобалармен айналысады. Біздің мақсат бұл статистиканы жүз пайызға көтеру. Яғни әрбір бала ғылыми жобалармен айналысып, болашақта он жыл уақытында Қазақстанда бір миллион ғалым шығару.

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Бұл Cyberpack-тің жоғары сынып оқушыларына арналған жинағы. Мәселен, мына жоба оқушыларға сұйықтықтардың қозғалысы мен қысымын тәжірибе арқылы түсінуге мүмкіндік береді. Бұл гидравлика принципімен жұмыс істейтін робоқол. Оның үш деңгейі бар. Қазір біз ең алғашқы, базалық деңгейін көріп тұрмыз. Мұнда оқушылар сұйықтықты бір жерден екінші жерге ауыстыру арқылы механизмдерді іске қосуды, яғни гидравликалық жүйенің қалай жұмыс істейтінін үйренеді. 

Платформада арнайы деректер базасы негізінде құрылған жасанды зерде жұмыс істеп тұр. Ол тек жүйедегі оқу материалдарына қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, оқушыларға нақты әрі қауіпсіз ақпарат ұсынады. Жоба Қазақстаннан бөлек сыртқы нарыққа да шығып үлгірген.

Мади Советов, CYBERPACK.AI компаниясының операциялық директоры:

- Бүгінде бұл Әзербайжанның Баку қаласында және Қырғызстанның Ош қаласында іске қосылды. Маңызды артықшылық - дайын оқу-әдістемелік база. Әдетте мұғалім бір сабаққа дайындалу үшін 2-3 сағат уақытын жұмсайды. Ал бұл экожүйе мектептерге STEAM бағытын толық енгізіп, педагогтердің жүктемесін айтарлықтай азайтады. 

Айта кеткен жөн, отандық жобаға  кәсіпкерлік саласынан 25 мың доллар көлемінде қайтарымсыз грант бөлген. Қаражат өндірісті ұлғайтуға, мобильді қосымшаны және AI-модульді дамытуға жұмсалмақ. Мектептерде STEM-білімді дамытатын экожүйе оқушылардың инженерлік және цифрлық дағдыларын қалыптастыруға тың серпін беріп отыр, дейді жоба авторлары.

Дильназ Тұрғазыева, Самат Қазанбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz