RU
Толық нұсқаға өту

Білім беру саласындағы оң өзгерістер

23.01.2026, 20:21 308

Жемқорлардың жымқырған қаржысы халықтың қажетіне жұмсалады.

Қазынаға қол салғандардан тәркіленген миллиардтарға 89 мыңға оқушыға арналған 81 мектеп салынды. Бұл жайлы Оқу-ағарту министрлігінің мамандары мәлімдеді. Сондай-ақ салада тозған инфрақұрылымды жаңғыртып, оқу ордаларын жабдықтау жұмысы да жүйелі жүріп жатыр. Білім беру ісінде тағы қандай жаңалық бар?

Министрліктің мәліметіне мән берсек, бес жылда мыңнан астам мектеп салынған. Оның ішінде «Келешек мектептері» бағдарламасымен бой көтерген оқу ордалары көп.

Бес жылдың бедерінде 1,1 млн оқушыға арналған 1 242 жаңа мектеп бой көтерді. Нәтижесінде үш ауысымды оқу ордаларының саны 4 есеге, ал апатты білім мекемелерінің қатары 2,5 есеге азайған. Сондай-ақ орын тапшылығы 4 есеге кеміді. Мәселен, былтыр 162 білім мекемесі қолданысқа берілген. Оның 112-і "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында іске қосылды. Ал осы бағдарлама бойынша елде бас-аяғы 460 мың орынға арналған 217 мектеп салынды. Бұл мектептердің көлемі бұрынғы білім мекемелеріне қарағанда 20 пайызға үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары болмақ. Бұдан бөлек, ескі мектептерді жаңғырту жұмысы да жүйелі жүріп жатыр. Айтайық, үш жылдың ішінде 1 300  мектеп жөндеуден өтті. Ал 2025 жылы мұндай 209 оқу ошағы жаңғыртылды.

Бұдан бөлек жабдықтарды жаңалау да жауаптылардың назарында. Кейінгі 3 жылда 4 000-нан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 2 000-нан астам жаратылыстану-математика бағытындағы заманауи зертханалар жабдықталды. Нәтижесінде, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы әлеуеттік алшақтық жақындады.

1242 мектеп - 1,1 млн орын

Үш ауысымды мектеп - 4 есе

Апатты мектеп - 2,5 есе 

Орын тапшылығы - 4 есе 

217 мектеп - 460 мың орын 

Көлемі - 15-20% 

Техникалық жабдықталу деңгейі - 4 есе  

3 жыл - 1 300 мектеп

2025 жылы - 209 мектеп  

ЦИТАТА

Салынған 217 «Келешек мектебінің» 84-і, қайта жөндеуден өтетін 1300 мектептің 820-сы ауылда орналасқан. Бұл қала балалары мен ауыл балалары арасындағы білім теңсіздігін жоюдағы алғашқы қадам. Бұнымен қоса Оқу-ағарту министрлігі тарапынан шағын жинақты мектептер мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын, білім мазмұнын, кадрлық қамтамасыз ету, қауіпсіздік мәселелеріне байланысты стратегиялық қадамдар жасалды. Соның нәтижесінде биыл ауыл оқушыларының республикалық олимпиадаға қатысу деңгейі 4,8%-ға жетті.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 

Бұрын мұғалімдердің мұңын тыңдасақ, айлығы шайлығынан, тапқаны татқанынан артылмайтынын айтатын еді. Алайда, қазір бұл мәселе де шешіліп келеді. Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғаннан бері ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерінің айлығы 30% артты. Колледждердегі өндірістік білім беретін мамандардың еңбек ақысы 35% өсті. Сонымен қатар қосымша ақы, бір жолғы төлемдер енгізілді. Мұғалімдердің еңбек демалысы 45 күннен 56 күнге ұзартылды. Білім берушілердің әлеуметтік әлеуетін арттыру ісін мемлекет басшысы да бақылауда ұстап отыр. Президент пәрменімен 5 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері», 95 ұстаз «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атақтарына ие болды.

Мектеп мұғалімдерінің жалақысы - 2 есе

Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің жалақысы - 30%

Өндірістік білім беретін мамандардың жалақысы - 35%

Қазақстанның Еңбек Ері - 5 

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы - 95 

Дегенмен, салада ілкімді істермен қатар ілкілістер де бар. Әңгіме - әлімжеттік жайлы. Былтыр білім мекемелерінде бес жүзге тарта буллин тіркелген. Оның 272 жағдайы бойынша ата-аналар айыппұл арқалады. Солай дегенмен, балаларға қатысты жасалған қылмыс саны жыл санап азайып келеді. Айталық, жасөспірімдерге бағытталған құқық бұзушылық саны 2,3%-ға, ал кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық құқық бұзушылық 17,9%-ға төмендеді. Иә, құзырлылар қолқусырып қалған жоқ. Оқу жылының басынан бері барлық балабақшаларда, мектептер мен колледждерде «Жеке қауіпсіздік» тақырыбында 1,4 млн-нан астам сабақ өтті. Психологиялық қолдау орталықтары 38 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетті, ал «111» байланыс орталығы арқылы шамамен 125 мың бала қолдау алды. Бұдан бөлек, алда Қазақстан балалары біріңғай бағдарламасы дайындалып, іске қосылады. Жаңа құжатта 2026-2030 жылдарда атқарылатын жұмыстар жазылған.

ЦИТАТА

Биыл бала қауіпсіздігі саласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі әрі нақты шаралар қабылданып, бала құқығын қорғауды күшейтетін заң күшіне енді. 2025 жылы бала құқығын қорғау саласында заңнаманы жетілдіру мен бақылауды күшейтуге айрықша басымдық берілді. Жылдың ең басты нәтижесі 4 Заң мен 11 нормативтік құқықтық актінің қабылдануы. Сондай-ақ бақылау шараларының арқасында 5000-нан астам баланың құқығы қалпына келтірілді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі  

Елде 23 мыңға жуық білім беру ұйымы бар. Онда 600 мың педагог жұмыс істейді. Ал білім алушылардың саны 5,9 млн асады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz