Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас білім саласында да дамып келеді. Қазір еліміздегі көптеген жоғары оқу орындарында мыңнан аса пәкістандық білім алып жатыр.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында 31 пәкістандық студент оқиды. Олар негізінен медицина, ақпараттық технологиялар, химия факультетінде тәлім алады. Солардың бірі – 4-курс студенті Мұхаммад Узаир. Ол ақапарттық технология мамандығымен қоса қазақ тілін де үйреніп жүр екен.
Мұхаммад Узаир, студент:
- Алматыға алғаш келгенде тіл білмегендіктен қатты қиналдым. Осындағы қазақ студенттері мен ұстаздардың арқасында бір жыл ішінде қазақ тілін түсінетін дәрежеге жеттім. Осында білім алу арқылы мен үлкен тәжірибе жинадым, қазақ мәдениетімен таныстым.
Шетелдік студенттер аптасына бір рет шығыстану факультетінде бас қосып, Пәкістанның негізін қалаушы Мұхаммед Әли Джинна атындағы дәрісханада ашық сабақ жүргізеді. Осында урду тілін оқитын қазақ жастарымен пікір алмасып, тәжірибе жинайды. Жалпы шығыстану факультетінде урду тілінен өзге араб, парсы, хинди, қытай, жапон, кәріс және түрік тілі оқытылады.
Шынар Ерланқызы, Шығыстану факультеті деканының орынбасары:
- Урду тілі жалпы шығыстану факультетінде 1992 жылдан бері оқытылады. Алғаш рет 92-жылы 9 түлек оқып, аяқтады. Қазіргі таңда бізде түлектер саны 100-ге жуық. Урду тіліне түскен студенттердің мақсаты – студенттерден академиялық, ғылыми мақсатта орта қалыптастыру. Жаңағы әдебиетін, тарихын, мәдениетін Пәкістанның студенттерге жете түсіндіру, жеткізу және соны зерттеуге студенттерді баулу.
Білім саласындағы байланыстың орнағанына 30 жылдан асты. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, елдегі 35 жоғары оқу орнында мыңнан аса пәкістандық студент білім алады. Шығыстану факультеті болашақ дипломаттарды дайындауға ден қойып отыр. Дегенмен Пәкістаннан келген жастардың 90 пайызы медицина саласында оқып жүр.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон
Тегтер #Пәкістан #студент #қарым қатынасPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz