RU
Толық нұсқаға өту
depositphotos.com

Қазақша ойлау: жазу мен мәннің арасы

04.02.2026, 15:00 543

Соңғы жылдары жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Ол мәтін жазады, сурет салады, видео өңдейді, тіпті жаңалықтың тақырыбын да ұсына алады.

Қазақ тілінде де жасанды интеллект арқылы жазылған мәтіндер көбейіп келеді. Бұл - қуантатын жайт. Десек те осы үдеріс қазақ тілінде жазу мәдениетіне ғана емес, қазақша ойлауға қалай әсер етіп жатыр деген сұрақ туындайды.

Тіл -  тек қарым-қатынас құралы емес, ол - ойлау жүйесі, оны жеткізу тәсілі. Ал ЖИ көбіне дайын үлгілерге, алгоритмдерге, өзге тілдерден аударылған құрылымдарға сүйеніп жұмыс істейді. Осы тұста «қазақша жазылған мәтін шынымен қазақша ойдан туа ма, әлде техникалық аударманың нәтижесі ме?» деген мәселе алға шығады.

Бүгінде әлеуметтік желілерде, сайттарда, тіпті ресми парақшаларда жасанды интеллектінің көмегімен жасалған қазақша контент жиі кездеседі. Олардың көпшілігі грамматикалық тұрғыдан дұрыс болғанымен, тілдің табиғи ырғағы, ұлттық танымға тән тіркестер мен ойлау жүйесі сезіле бермейді. Бұл - медиасауаттылықтың маңызын арттыратын маңызды фактор.

Медиасауаттылық дегеніміз - ақпаратты тек қабылдау емес, оны сыни тұрғыдан талдау, дереккөзін анықтау, мазмұнның сапасына мән беру. Жасанды интеллект дайындаған мәтінге де осы талаппен қарау қажет. Себебі технология қателеспейді деген түсінік - үлкен жаңсақтық. Жасанды интеллект адам сияқты ойламайды, ол дайын деректерді жинақтайды, үлгілерді қайталайды. Ал қазақша ойлау – өмір тәжірибесіне, мәдениетке, тарихи санаға негізделген күрделі процесс.

Жасанды интеллект қазақ тілін дамытуға мүмкіндік те бере алады. Мысалы, аударма сапасын жақсарту, қазақша контент көлемін арттыру, тіл үйренуге көмектесу сияқты оң тұстары бар. Бірақ бұл мүмкіндіктер адам ойлауы мен жауапкершілігін алмастырмауы тиіс. Егер біз ЖИ-ге толық сеніп, ойланбай қолдана берсек, тілдің ішкі мәні жұтаңдай бастайды. Қазақша мәтін бар, бірақ қазақы ой жоқ жағдайға тап болуымыз мүмкін. 

Әсіресе жастар арасында бұл мәселе өзекті. Жастар ақпаратты тез тұтынады, қысқа мәтінге, дайын жауапқа үйреніп барады. Егер ойланбай көшіріп, ЖИ ұсынған мәтінге ғана сүйену қалыпты әдетке айналса, сыни ойлау әлсірейді. Ал тілмен бірге ойлау да өзгереді. Сондықтан медиасауаттылықты дамыту – тек фейк жаңалықпен күрес емес, тіл мен ойлауды сақтаудың да жолы. Қазақша ойлауды сақтау үшін ЖИ-ді қарсылас емес, құрал ретінде қабылдау қажет. Ол мәтін жазуға көмектесуі мүмкін, бірақ соңғы шешім, мағына мен мәнді айқындау - адамға тән міндет. Журналист, блогер, контент жасаушы ең алдымен өзі ойлануы, өзі сараптауы керек. Сонда ғана жазылған мәтін тірі, сенімді әрі ұлттық болмысқа сай шығады. Жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілінде жазу мүмкіндігі кеңейіп келеді десек те, жазудың көбеюі ойлаудың сақталуына автоматты түрде кепіл болмайды. Қазақша ойлау - тек тіл мәселесі емес, жауапкершілік пен медиасауаттылықтың көрсеткіші. Жасанды интеллект дамыған сайын, адамның ойы, таңдауы және тілді сезіну қабілеті бұрынғыдан да маңызды бола түспек. Жазу мен мәннің арасындағы тепе-теңдікті сақтай алсақ қана, қазақ тілі цифрлық кеңістікте өз болмысын жоғалтпайды.

Авторы: Ж.О. Мазибаева, PhD, «Хабар» Агенттігі ИЖД Бас редакторы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz