Солтүстік Қазақстан облысында білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі күшейтілді. Өңірдегі мектептерде «Protector AI» бейнеталдау жүйесі іске қосылды.
Жасанды зердеге негізделген бағдарлама балалар арасындағы кикілжіңді бірден анықтап, мәліметті жауапты мамандарға жолдайды. Онлайн бақылау оқушылардың өміріне қалай әскер етті?
Бұл – Петропавлдағы бірінші гимназия. Мектептегі қауіпсіздік кіреберістен басталады. Бұл жерге «Face ID»жүйесі орнатылған. Оған әр оқушы мен қызметкердің бет-әлпеті енгізілген. Яғни оқу ғимаратына бөтен адамдар кіре алмайды.
Егор Карабельников, оқушы:
- Біз мектепте өзімізді емін-еркін сезінеміз. Қауіпсіздік жүйесі білім беру сапасына да оң ықпал етеді. Барлығы бейнебақылау камерасына жазылады. Сондықтан ештеңе алаңдамаймыз. Бұл оқу барысында өте маңызды.
Бұл мектепте мыңға жуық оқушы білім алады. Ғимараттың іші мен сыртын 41 камера таспаға түсіреді. Ал былтыр оқу ордасында «Protector AI» бейнеталдау жүйесі іске қосылды. Цифрландырылған бағдарлама балалардың әр іс-әрекетін қадағалайды.
Татьяна Анцибор, Бірінші гимназияның директоры:
- Бағдарламалық қамтамасыз ету балалар арасындағы агрессиялық әрекеттерді бірден анықтайды. Бұл туралы бейнежазба бір минуттың ішінде ұялы телефонға келіп түседі. Оған жеті қызметкер қосылған. Мысалы, бүгін таңертең осындай хабарлама алдық. Дене шынықтыру сабағында екі оқушысы соғылып қалған.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жасанды интеллектке негізделген бейнеталдау жүйесі 44 мектепке орнатылды. Оның ішінде Петропавлдағы орта білім беру ұйымдары толық қамтылған.
Әсел Оразбаева, Білім басқармасының баспасөз хатшысы:
- Жоспар бойынша осы мектеп, балабақшалардың қатарын көбейту. Өйткені «Protector AI» өзін жақсы жағынан танытты. Бұл балалардың арасындағы төбелесті ғана емес, балалардың көңіл-күйін де қадағалап отыратын жүйе.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Өңірдегі білім беру ұйымдарына 16 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың барылығы полиция департаментіне қарасты жедел әрекет ету орталықтарына қосылған. «Бұл оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді мамандар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #мектептер #қауіпсіздік #СҚО #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz